Сыбайластық сыйлық беруден басталады

Өңірде сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында бірқатар жоба жүзеге асып келеді. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының облыстық штабы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңес те маңызды міндеттерді атқаруға сеп. Жуырда Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейде осы кеңестің жұмысын одан әрі ілгерілетуге қатысты жиын өтті.

Маңызды жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Нұғман Жақұдаев, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов, облыстық мониторингтік топтың жетекшісі Наталья Мишукова мен №264 мектеп-лицейіндегі ата-аналар комитетінің төрағасы Болат Нұрхожаев қатысты. Спикерлер білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін атап өтіп, ендігі кезекте басшылар қарамағындағы қызметкерлердің құқықбұзушылығы үшін жекелей жауапкершілікке тартылатынын да қаперге салды. Бұдан бөлек, ата-аналар арасындағы ақша жинау мәселесін шет қалдырмады.

– Мерекелік сыйлықтардан бас тарту мәселесі және оны қабылдаудың, алудың, берудің арасындағы заңдық жауапкершіліктің салмағын түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп келеді. Өкінішке қарай, бірқатар факт кездесіп отыр. Бұл ретте сыбайластық сыйлық беруден басталатынын ұмытпайық. Егер қызметкер құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықты қабыл алса, оны міндетті түрде өткізгені дұрыс. Арнаулы қордағы құнды заттар нарықтық бөлшек саудаға шығарылып, түскен қаржы республикалық бюджетке аударылады, – деді Н.Жақұдаев.

Ал, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов аталған жобалық кеңсенің қызметі мен оның негізгі бағыттарын тарқатып айтты. Жоба аясында 10 салалық бағыт айқындалғанын, соның ішінде білім беру ұйымдарына қатысты мәселелер назардан түспейтінін баяндады және олқылықтарға жол бермеуге шақырды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 385 0