Қызылордада мәйітханада алаяқтық жасаған адам сотталды

Қызылордада мәйітхана қызметіне жүгінген азаматтарды алдаған Тараз тұрғыны сотты болды. Ол марқұм болған жандардың туыстарына мәйітті ешқандай сойдырмай алып беретінін айтып, сол қызметіне алдын ала ақша алғаннан кейін оқиға орнынан бой тасалап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тараз қаласының тұрғыны оңай жолмен ақша табу мақсатында Қызылордаға арнайы келген. Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында бірнеше күнге қонақ үй жалдаған. Кешкісін такси жалдап қаладағы емхана, аурухана, медициналық орталық және мәйітханаға барған.
Осылайша қылмыстық ойын жүзеге асыруға қолайлы сәтті күткен. Мәйітхана қызметіне жүгінгендерге туыстарының мәйітін сойдырмай алып беретінін айтып, сендірген. Бұл әрекеті үшін әртүрлі көлемде ақша алып отырған. Содан кейін оқиға орнынан ізін суытатын болған.
«Ол аталған қылмысы үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Алаяқтар азаматтарды олардың ең мұқтаж қажеттілігін шешіп беретінін айтып, алдайды. Мұндай әлеуметтік проблемалар қатарында жер телімін, жеңілдікпен пәтер, банктен кедергісіз тез арада несие алу, жұмысқа орналасу секілді жағдайлар бар», - деді Қызылорда қаласының прокуроры Асхат Бекмұханов.
Қызылорда қаласының №2 сотында биыл 505 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 101-і алаяқтық қылмыс ретінде тіркелген. Сотта қаралған әрбір бесінші іс алаяқтық қылмыс болып табылады.
Бұдан бұрын Қызылордада түрмеде жатып, терроризмді насихаттаған екі адам анықталған еді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2019 г. 151 0