Қазақ поэзиясының «Ақ шағаласы»

Халқымыздың аяулы да ардақты қызы, «Ақ Жайық­тың ақ шағаласы» атанған танымал ақын, публицист, белгілі қоғам қайраткері, Мемлекеттік және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толған мерейтойын бүкіл ел болып атап өтуде. Сондай ауқымды шаралардың бірі жақында Атырау қаласында мұнайлы өңір әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен «Ақ самал жыры Жайықтың» атты кешке өлеңсүйер қауым көп жиналып, залда ине шаншар орын болмады. Есімдері елімізге танымал Ілия Жақанов, Алма Андарбаева, Есенғали Раушанов, Көпен Әмірбек, Роза Рымбаева, Сәуле Жанпейісова секілді қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер майталмандары қатысқан жыр кешінде алғашқы сөзді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алып, ақынға ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыстарға жете беруіне ті­лек­тес­тігін білдірді.
Кеште А.Бақтыгерееваның публицистикасын зерттеп, ол туралы алғаш болып ғылыми еңбек қорғаған Нұрсұлтан Мықтыбай да жүрекжарды лебізін, ерекше құрметін жеткізді. Сыр халқының ыстық лебізі жазылған құттықтау хат табыс етті.
Кеште Н.Мықтыбайдың сөзіне жазылған Сәуле Жанпейісованың «Ақұштап – ақ шағала» атты әнінің тұсауы кесіліп, оны автор орындап берді.
Иә, қазақ поэзиясының «Ақ шағаласы» атанған ақын, халқының жоғын жоқтап, жастардың жанашырына айналған қоғам қайраткеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмасы анық.
«СБ» ақпарат.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2019 г. 93 0