Жер үлестіруде жемқорлық жиі тіркелген өңірлер белгілі болды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова жер қатынастары саласындағы жемқорлық фактілер туралы баяндады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, жер қатынастары - сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелетін салаға айналды. «Жер телімін алу және рәсімдеу сыбайлас жемқорлық себептерінің үздік бестігіне еніп отыр. Оған «Транспаренси Қазақстан» ұйымының әлеуметтік сауалнамасы дәлел.Тұрғындар мен бизнес өкілдерінің 60 пайызы жер телімін заңсыз рәсімдеуге тап болған. Зерттеуге сәйкес, өңірлер арасында Алматы (26,4%), Атырау (9,4%), СҚО (9,4%), Қарағанды (7,5%), ШҚО (7,5%), Ақмола (7,5%) облыстарында жемқорлық фактілері жиі кездескен», - деді Анар Жарова агенттікте өткен баспасөз мәслихатында. Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда жер қатынастары саласында 300-ден астам жемқорлық фактілері анықталған. «Салдарынан 105 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 87 адам сотталды. Оның басым бөлігі - Түркістан (20), Маңғыстау (15), Жамбыл (14), Ақмола (11), Алматы (9) және Павлодар (9) облыстарында жұмыс істеген лауазымды тұлғалар. Әсіресе, бұл қылмыстар алаяқтықпен, өз қызметін асыра пайдалану, құжат рәсімдеуде, жер бөлуде пара алу, жалға алу мерзімін ұзарту, аукцион жеңімпазын заңсыз анықтаумен тығыз байланысты», - деді департамент басшысы. Осыған байланысты агенттік пен «Атамекен» ҰКП жер қатынастары саласында талдау жүргізіп, жемқорлыққа әкеп соғатын бірнеше себеп-салдарды анықтаған. «Негізгі мәселелердің бірі - ақпараттың қолжетімді болмауы. Әсіресе бұл бағытта жергілікті атқару органдарының жұмысы көңіл көншітпейді. Олар өз интернет-ресурсында бас жоспардың, егжей-тегжейлі жоспарлаудың және инженерлік коммуникациялар схемаларын тоқсан сайын жариялауға міндетті. Тексеру жүргізгенде сайттардағы ақпараттық толық еместігі анықталды. Бұл сыбайлас жемқорлық қаупін арттырады», - деді Анар Жарова.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2019 г. 290 0