Аралда той уақыты түнгі сағат 12-мен шектеледі

Арал ауданында той өткізу дәстүрін ретке келтіру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Той – халықтың қазынасы. Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі, дәстүр, сыйластық. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бағын ашатын, бақ сынайтын кезі де той деуге болады.

Дегенмен, қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұны мен маңызы да өзгеше. Мұны жаңашаланды деп жүргендеріміз де бар. Жалықтыратын, жалпақшешейлікке, батыстық та, шығыстық та емес, әркім ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр деп жүргендеріміз де бар.

Осы орайда, қоғамдағы той мәселесі төңірегіндегі келеңсіздіктер аралдықтарды да бей-жай қалдырған жоқ. Бұған дейін аудандық қоғамдық кеңестің күн тәртібінде екі мәрте талданып, бұқаралық ақпарат құралдарында той өткізу тәртібін реттеу жайында аудан тұрғындары тарапынан да ұсыныс-пікірлер жарық көрген болатын. Ал, бүгін осы мәселенің маңыздылығы ескеріліп аудандық қоғамдық кеңестің бастамасымен ауқымды кеңес отырысы өткізілді. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы, аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшылары, облыстық және аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры, аудан ардагерлері мен жергілікті кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Келелі кеңесті аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов ашып, аудандағы тойлардың бірқатар тұстарын сынға ала отырып, бұл мәселені тұрғындарға қолайлы ету жайын, соның ішінде тойдың уақытылы басталуы мен аяқталуын ретке келтіру жөніндегі ұсынысты ортаға салды. Өз кезегінде аудан прокуроры А.Тәженов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Әбдіразақ бұл біріншіден аудандағы қылмыстылық ахуалының тұрақтылығы үшін маңызды екендігін айтса, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Б.Нұрхожаев тойдың тым кеш басталып, аяқталуы тойшыл қауым үшін де тойхана қызметкерлері үшін де салмақ екендігін, яғни, денсаулыққа зиян екендігін алға тартып, ұсыныстың орынды екендігін жеткізді. Кеңеске қатысушылар да бұл бастаманың өте орынды көтеріліп отырғанына қолдау танытып, біркісідей тәртіпке бағынуды жөн санайтындықтарын білдірді.

Күн тәртібіндегі мәселенің қорытындысы бойынша аудандық қоғамдық кеңес пен жеке кәсіпкерлер арасында тұрғындардың тыныштығын сақтау және тәртіпсіздікті бодырмау мақсатында мейрамханаларда кешкі мезгілдегі той салттарын сағат 19:00 мен 00:00 аралығында өткізу жөнінде келісім жасалды. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қазан 2019 г. 465 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930