Қызылордада 3 педофилге химиялық кастрация жасалды

Қызылордада биыл 3 педофилге химиялық кастрация жасалды. Бұл туралы облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Азғындық ісі бойынша қылмыс көрсеткіші төмендеген. 12 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. 3 сотталушыға химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылды, – деді ол.
Бүгінде облыстық прокуратураның бастамасымен өңірдегі құқықбұзушылықтар профилактикасының кешенді жоспары бекітілуде.
– 2000-ға жуық адам пробациялық есепте тұр. Пробациялық бақылау орнатылған тұлғалар 3 санатқа бөлініп, тізімі жасалды. Біздің қызметкерлер қалалық пробация есебіндегі 679 адамның мекен-жайына бару арқылы тексеру жүргізді, – деді Т.Әлібаев.
Еліміздегі «түрме халқын» азайту өзекті мәселелердің бірі болатын. Түрмелерді толтыру экономикалық тұрғыдан да тиімсіз. Осы орайда мерзімін өтеп жүргендерді қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесінің өзектілігі артты. Қазіргі таңда түзеу мекемесіндегі сотталғандардың 84 проценті жұмыспен қамтылды.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2019 г. 615 0