Қазалыда музыка мектебінің мерейтойы аталып өтті

Биыл Қорқыт Ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебіне – 55 жыл. Осыған орай бүгін өнер ордасында «Самғатқан сан шәкіртті алтын ұям, иеленген есімін Қорқыт бабам!» атты салтанатты шара өтті.
Еңселі ғимарат алдына жиналған қонақтар алдымен «Бар түркіге ортақ абыз – Қорқыт баба!» атты театрландырылған көріністі тамашалап, ерекше әсер алды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, ұстаздар мен жас өнерпаздарды мерейтоймен құттықтады. Мектеп ардагерлерімен бірге Қорқыт атаның шағын ескерткішін салтанатты түрде ашты. Одан соң мерейтойға жиналғандар музыка мектебінің акт залында өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.
Концерттік шараны ашқан мектеп директоры Сәукен Әліш өнер ұжымына аса қажет музыкалық аспап алып берген аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлына алғысын жеткізді.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған шара Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» күйімен басталып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.
Айта кетейік, жарты ғасырдан астам тарихы бар мектепке 2016 жылы Үкімет қаулысымен Қорқыт ата есімі берілді. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2019 г. 247 0