Жұбан Молдағалиевтың өлеңдері насихатталды

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ әдебиетінің классик жазушысы Жұбан Молдағалиевтің еңбектеріне арналған мәнерлеп оқу сайысы өтті.
Мектептің «Ұлы дала ақындары» тәрбиелік жобасы аясында ұйымдастырылған әдеби байқауға  8-9 сыныптардан 10 оқушы  қатысты.  Жас ақындар ұлы даланың перзенті  Жұбан Молдағалиевтің  шығармашылығымен жан-жақты танысып, оның табиғат,  достық жәнеотансүйгіштік  тақырыбындағы өлеңдерін ерекше тебіреніспен орындаудан бақ сынасты.
 – Жұбан Молдағалиевтың «Ана батасы» атты өлеңі маған  ерекше ұнайды. Бұл шығармада ананың баласына деген махабаты, сағыныш сезімі кеңінен сипатталған. Менің ойымша, мұндай сайыстар қазақ поэзиясындағы талантты ақындардың шығармашылығын насихаттауға және өскелең ұрпаққа өз ана тілін құрметтеуге, ізденімпаздыққа тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді, – деп бөлісті 8 «В» сынып оқушысы Арайлым Қуандық.
Сайысқа қатысушылардың  ерекше дайындықпен келгені байқалды. Дегенмен сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды 8-сынып оқушысы Қанат Оралбай, екінші орынды – 8-сынып оқушысы Нұрай Нұржанқызы иеленсе, 9 «В» сыныбының намысын қорғап келген Айман Оспанғали бірінші орынды қанжығалады. Ал, ақынның шығармасын жүрегімен жеткізіп, ерекшеленген  8 «В» сынып оқушысы Арайлым Қуандық  әдеби сайыстың Бас жүлдесін иеленді.
Айта кету керек, биылдан бастап зияткерлік мектептердің оқушыларыарасында рухани мұраны жаңғыртуға бағытталған «Ұлы дала ақындары» жаңа жобасы қолға алынды. Бұл жоба бойынша мектеп қауымдастығы жыл бойына белгілі ақынның өлендеріне әдеби талдау жасап, жазылған әндерін сомдау және шығармаларын иллюстрациялау, ЭССЕ жазу, театрландырылған қойылым әзірлеу мен мәнерлеп оқуға арналған жыр эстафетасын өткізу секілді жеті түрлі бағыттағы жұмыстарға қатысады.  

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2019 г. 274 0