Ашық диалог: Кез келген сұрақтың жауабы бар

 «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалында ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Ел Президентінің мемлекет билігіндегі «Мықты әрі уәкілетті Президент, ықпалды Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет» формуласына сай жария­лылықты ұстанған корпорацияның жергілікті филиал директоры Сәкен Әбенов тікелей байланысқа шықты. Алғаш рет ұйымдас­тырылған шараға шаруа қожалықтарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы сұрақ қоюға мүмкіндік жасалды.

Корпорация ­«2017-2021 жылдарға арналған ауыл ­шаруа­шылығы өндірісі кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие береді. Ауыл шаруашылығының түрлі саласы бойынша несиелендіруге арналған 9 бағдарлама бар.

– Біздің міндетіміз – мемлекет тарапынан берілген көмекті елге жеткізу. Ауыл шаруа­шылығын қолдауға арналған қаржы жыл сайын артып келеді. Мәселен, облыста 2017 жылы  3 млрд теңгеден аса, 2018 жылы 4 млрд теңгеден аса қаржы несиеге берілді, – деді филиал директоры ­С.Әбенов.

Ашық диалог алаңы мұнан әрі сұрақ-жауаппен жалғасты. «Сүйінші» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Мұстафаев ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастаған жас кәсіпкерлер үшін қандай жеңілдіктер болатынын сұрады.

Жастар жылына орай «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер 6 процентпен несие алады. Биыл облыста бұл мақсатта 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген.

Жеке кәсіпкер Рахат ­Табынбаев несие кепілдігіне сатып алынатын малды қою туралы білгісі келетінін айтты. ­Филиал директорының айтуынша, несие қаржысына сатып алатын  малды да кепілге қоюға болады.

Ашық диалог алаңында тұрғындар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатындағы бұл шара енді жүйелі жүргізілмек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2019 г. 214 0