Нәзік иірімдер әлемі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілданың «Ғашықпын гүл оранған көктеміме» атты шығармашылық кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сыр елі  ­інжу-маржаны» айдарымен ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында болған шараға университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Шараны іргелі оқу орнының ғылыми-техникалық ­кітапханасы және Ә.Қоңыратбаев атындағы әдеби үйірме ұйымдастырды. Университет оқытушылары ­Г.Оралова ақын өлеңдерін талдап, ғылыми-танымдық баяндама жасаса, А.Әбдіразақова қаламгердің шығармашылығын, оның ішінде журналистік туындылары мен жазу шеберлігін, аудандық газетте қызмет еткен кезеңдегі шығармашылық ізденісін, сұхбаттарының ерекшеліктерін баяндады. Сондай-ақ, студенттерге шеберлік сағатын өткізуге ұсынысын білдірді.

 – Ғазиза Әбілдамен бір өңірде жүрсек те жолымыз түйіспеген екен. Бірақ мен Ғазизаны әлеуметтік желі арқылы жақсы танимын. Үнемі өмір жайлы философиялық толғамдары мен өлеңдерін, өзге адамдардың жазғандарына білдірген байсалды пікірлерін қадағалап оқимын. Ойын салмақты жеткізе алатыны, мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы, кеңдігі, үнемі жақсы бағытта пікір білдіргені ұнайтын. Кей кездері жазбалары көрінбей қалса, парақшасына кіріп оқимын, өлеңдеріндегі сипатталған өмір болмысы, әйел нәзіктігі ұнайды. Міне, бүгін осы қасиеттермен қатар шығармашылыққа адалдығы, көпшілдігі, қанағатшылдығы, кішіге құрмет көрсете алатындығын да көрдім. Осындай әсерлі кештің куәсі болуға ұйытқы болған қазақ тілі мен әдебиеті және журналис­тика кафедрасының жанындағы «Ә.Қоңыратбаев атындағы әдебиет үйірмесінің» және оның жетекшісі ф.ғ.к Айман Айтбаева апайымызға зор алғыс білдіреміз, – деді оқытушы А.Әбдіразақова.

Кеш барысында ақынға қолдау көрсетіп келген Асылзат Арыстанбек, Гаухар Қожахметова да Ғ.Әбілданың ақындық ерекшелігін сөз етті.

– Біз – бір өңірдің тумасымыз. Сіңлісі ретінде үнемі қасында жүремін, жырларына жақсы қанықпын. Өмірде баладай аңғал, біреу туралы жамандық ойламайтын, атаққа қызықпайтын бар болмысымен сұлу адамдар болса, соның бірі – Ғазиза ақын.

Жаны қандай таза болса, өлеңдері де сондай мөлдір. Нағыз қазақтың иісі аңқыған қоңыр өлеңдері тап-таза. Тосын ұйқас, әдемі иірімдерімен елітеді. Өлеңнің түйініне тіпті риза боласың. Сондықтан әдемі өлеңін сүйсінбей оқымау мүмкін емес, – деді ақын ­А.Арыстанбек. 

Кеш еркін форматта болғандықтан студенттер ақын өлеңдерін оқып, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, ән-жырдан шашу шашты.

Шара соңында Сырдың сыршыл ақын қызы кеш ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, әдеби үйірмеге өзінің «Таңсәрі» атты жыр жинағын тарту етті.

Айта кету керек, өмірін өлеңмен өрнектеген Ғ.Әбілда қазіргі күні облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарады. Оған дейін бірнеше жыл Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің редакторы болды. 2011 жылы ақынның «Таңсәрі» атты жыр жинағы жарық көрді.

 

«СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2019 г. 257 0