Сахна төрінде – «Сыр самалы»

Тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамбліне биыл – 10 жыл. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Ырғақ рауандаған жылдар» тақырыбында салтанатты шара өтті. 

Мерекелік концертке келушілердің қатары қалың болды. Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова құттықтау арнап, жылы лебізін жеткізді.

– Ансамбль тарихы әріден басталады. Ол бірнеше жылдан бері шығармашылық ізденісін шыңдап, заман үніне ілесе білді. Ең бастысы, шағын ұжымның жеткен жетістігіне, алған белесіне талғамы биік тыңдарман куә. Ансамбль – облыстық «Тұран әуендері»  вокалды-аспапты ансамбльдер конкурсының лауреаты, халықаралық «Jazz Wave Aktau kz» өнер фестивалінің «Каспий джемі» джаз музыка байқауының жүлделі орын иегері. Қазір топ құрамында 13  білікті музыкант жұмыс істейді. Ән өнерінде өз орнын қалыптастырып, шабыт шағаласын биікке ұшыра білген олардың еңбегі бір төбе. Өнер әлемінде өрістеріңіз кеңейіп, шабыттарыңыз шарықтай берсін, – деді М.Әбуова құттықтау сөзінде.

Кеште сахна төріне көтерілген ансамбльді жиналған қауым қол соғып, ерекше құрметпен қарсы алды. Әрі қарай ансамбль Әбдіхалық Мұстафаевтың жетекшілік етуімен Кэнди Далфердің  30 жыл бойы хит парадтардан орнын бермей келе жатқан «Lily Was Here» композициясын тарту етті. Концертте Жаңақорған ауданының «Экспресс» вокалды аспапты ансамблі мен Сырдария ауданының «Ритм» вокалды аспапты ансамблі де өнер көрсетті. Осылайша, әдемі әнге бөлеген кеш тыңдарманын бей-жай қалдырмады. Олар көтеріңкі көңіл-күймен әндетіп тарқасты.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2019 г. 201 0