Ауыл мұғалімі өз қолымен 7 трактор құрастырды

Павлодар облысының шалғай ауылдарының бірінде тұратын ауыл мұғалімі қолдан 7 трактор құрастырып, шығарды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жанысов Берік Павлодар облысының ең шалғай ауылдарының бірінде тұрады. Май ауданының Қаратерек ауылы облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 1998 жылдан бері мұғалім болып жұмыс жасайтын Берік бұл жұмысын ең бірінші қажеттіліктен туындағанын сосын өзінің хоббиіне айналғанын айтады.
«Ол көлік құрастыруды 1998 жылдан бастадым. Басында қажеттіліктен туды, өзіңіз білесіз ауылда қораны тазалау, шөп жинау деген сияқты жұмыстар өте көп уақытты алады. Сосын бір күні неге осындай жұмыстарды жеңілдететін құрал жасамасқа деген ой келді. Бәрі осыдан басталды, уақыт өте келе ол менің хоббиіме айналды. Жұмыстан кейін осы іспен тыңғылықты айналысамын», - дейді ол.
7 мини-трактор. Олардың айырмашылықтары қандай? Өнертапқыш мұғалім бұған дейін 6 мини-трактор құрастырған.
 «Осы уақытқа дейін алты мини-трактор жинадым ол тракторлар әр түрлі. Олардың қызметтік функцияларын үнемі өзгертіп, жетілдіруге тырысамын. Көп мүмкіншіліктер құрал-саймандардың табылуына байланысты болып жатады. Мәселен, мен өзім құрастырған техникаларға ЗИД, Москвичтің двигательдерін қолданамын. Әр құрастырған сайын трактордың техникалық мүмкіндіктерін жетілдіре түсемін», - дейді ол. Бізге көрсетіп отырғаны 7-техникасы басқа құрастырылған көліктерге қарағанда барынша жылдам, әрі функциялық мүмкіндіктері көп.
«Соңғы құрастырған көліктің басты артықшылығы жылдамдығы және әмбебаптылығы. Оны құм тиеуге, шөп шабуға жинауға, ауыр заттарды көтеруге пайдалануға болады. Шағын трактордың көп шабатын да құралы бар, оны жасап жатырмын. Болашақта техникалық тетіктерін жетілдіріп, кабинка жасап салсам ба деп ойлап жатырмын», - деді өнертапқыш.
Жалпы қолдан трактор құрастыруға 3-6 айға уақыт жұмсалады екен.
«Менікі сияқты шағын көлікті (мини-тракторды) жинау үшін шамамен 3-6 айға уақыт кетеді. Мәселен соңғы осы көрсетіп жатқан мини-жүк тиеуіш тракторды жинауға 3 ай уақыт жұмсадым. Алайда көпшілік жағдай құрал-жабдықтардың табылуына байланысты болады», - дейді Берік Төкенұлы.
Шағын трактордың бағасы қанша тұрады?
«Көлікті жинауға әр түрлі көлемде қаражат керек болады. Кейбір бөлшектерді адамдардың өздері беріп, солай жасап берші деп ұсыныс айтады. Ал кейбіреуін сатып алам. Өзімнің көліктерімде швеллер, профиль, угольниктерді қолданамын. Бірақ ауылда бұрынғы материалдар жоқтың қасы. Оларды іздеп табу керек. Жалпы құрастырылған көлік шығыны әртүрлі. Тракторды құрал-саймандар мен еңбегімді қоса есептегенде 800 мың мен 1 млн теңге арасында бағалаймын», - деп қосты ол.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2019 г. 325 0