Дәурен Абаев дарынды оқушыларды атады

Қызылордалық 12-сынып оқушысы Әлихан Шәкіман жел генераторының 3D-үлгісін ойлап тапқан. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10-сынып оқушысы Әлихан Рахметов көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған «ақылды» таяқ ойлап тапты. Таяқтағы арнайы сенсорлар кедергілерді қашықтықтан анықтап, сигналды динамикке жібереді. Ол өз кезегінде 4 мың герц жиілігімен дыбыс шығарады. Тіпті қаладағы шу арасында да анық естіледі», - деді министр.

Ал, қызылордалық 12-сынып оқушысы Әлихан Шәкіман жел генераторының 3D-үлгісін ойлап тапқан. Оның құрылысы баламалы энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өндірілген электр қуаты тұтас шағын ауданды қамтамасыз етуге жеткілікті.

«Ақтөбелік оқушы Нұрдәулет Таумергенов мылқау кісілерге арналған қолғап ойлап тапты. Ол телефондағы арнайы бағдарлама арқылы ишаратты ауызша сөйлеу тіліне аударады. Егер екі қолғапты қолдансаңыз, 1 024 сөзді синтездеуге болады. Мұндай балалар көп. Оларды тәрбиелеген өз еліміздің азаматтары, олар – мемлекеттік саясаттың, Елбасы саясатының, Президент саясатының нәтижесі және олар өз елін сүйеді. Сондықтан біздің жобаларымыз жұмыс істеп, нәтижелерін беруде. Жастар жылы – бұл мемлекеттің өз болашағына қосқан үлесі және біздің балаларымыз, жасөспірімдеріміз осы жолдағы барлық шығындарды еселеп қайтаратынына, үмітімізді ақтарына сенімдімін», - деді Дәурен Абаев.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қараша 2019 г. 257 0