Шетелдік эксперт тәжірибесімен бөлісті

Талап пен талғамының, қабілеті мен қарымының арқасында іскерлігін дәлелдеп жүрген Данила Таңқыбаева бүгінде көркем бизнесті жандандыруда. 15 жылға жуық сұлулық индустриясында қызмет етіп жүрген оның қазір Қызылорда қаласында «Грация», «Адема» және «3 Д» салондары бар. Кәсіпкер мұнысымен өзгеріске толы бизнес ортаға бейімін көрсетуде. Тәжірибе жинақтап, жаңаға ұмтылуды естен шығармайды. Жуырда салондағы шеберлердің біліктілігін арттыру үшін «Прэко Қызылорда» консалтингтік компаниясының көмегіне жүгініп, Германиядан арнайы маман да шақыртты.

Оқыту семинарына келген шетелдік эксперт Ульрике Мария Вирбель-Дангельдің Аулендорф қаласында жеке салоны бар екен. Қазір ол Оңтүстік Германияда жас мамандардың шеберлігін шыңдауға атсалысып келеді. «Кәсіпке деген махаббат – бизнестегі басты дүние»  деп білетін табысты кәсіпкер қызылордалықтарға да бар білгенін үйретті. Басқару бағыттарының, кәсіпкерлік саласының қыр-сырымен бөлісті. Сондай-ақ, биылғы сәндегі тенденцияларды, шаш қию мен оны бояудың түрлі тәсілдерін көрсетті. Ал, шеберлер ерекше шабыт алып, біліктілігін одан әрі арттырғанына қуанышты екенін айтып жатты. Осындай мүмкіндік сыйлаған Данила Таңқыбаеваға ризашылығын жеткізді.

– Қазіргі нарық жағдайында кеңесшілердің көмегінсіз бизнесті дамыту қиын. Сондықтан дамуға, жетілуге инвестиция салып отыру керек. Тәжірибелі SES-экспертті ыңғайлы төлем аясында шақыртуға мүмкіндік берген «Прэко Қызылорда» компаниясына алғыс білдіремін. Ең бастысы, мамандардың тың тәжірибе жинағанына қуаныштымын, – деді Д.Таңқыбаева. 

SES эксперттер қызметі Германия мен Қазақстан арасында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жүзеге асып келеді. Ол персоналды басқару (HR), қызмет көрсету мен тауар өндірісі, маркетинг, қаржы мен бизнес-жоспарлау және басқа да бағыттар бойынша 10 000-нан аса мамандардың басын құрайтын ірі ұйым. Бүгінде оның көмегімен бірнеше эксперт елге келіп, тәжірибесімен бөлісті. «Прэко Қызылорда» консалтингтік компаниясы өкілдерінің айтуынша, экспертті шақыртуға өтінім беруші  кеңесшінің жатын орны мен тамағын, тәулігіне 5 еуро көлеміндегі төлемін ұйымдастыруға міндеттеледі.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қараша 2019 г. 306 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930