«Astana Hub» тәжірибесімен бөлісті

Жарқын жоба арқылы жаңалық ашу. Бұл – «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің басты мақсаты. Жуырда технопарк командасы «Startup Sapary» бағдарламасымен аймағымызға келді.

Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» өткен маңызды кездесу 250-ден астам жасты жинап, технопарктің табысты тәжірибесімен танысуына мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, шараның басы-қасынан облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нәби Даужанов табылды.

– Сандық технологияға көшу бағытындағы бастамалар қай саланы да жандандырды. Қазір тың мамандықтар сұраныста. ІТ-маман, мерчендайзер, бета-тестер, SMM-ші мамандар жоғары жалақыға ие. Мобильді қосымшалардың арнайы бағдарламасын жазатын маманды, әлеуметтік желі менеджерін іздеушілер көп. Неміс экономисті Клаус Шваб та төртінші өнеркәсіптік революцияға қатысты еңбегінде мұны бірнеше мысалмен келтірген. Осыны қаперден шығармай, үздіксіз ізденуге күш салу керек. Бүгінгі шара да дамуға қарқын береді деп есептеймін, – деді Н.Даужанов.

Әрі қарай сарапшылар IT-стартапты дамытудағы қажетті дағдылармен бөлісті. PR және маркетинг департаментінің директоры Даниэль Душманов тың идея арқылы табыстың шыңына көтерілу жолын көрсетсе, команда өкілі Насрулла Ахменов стартаптағы басты дүниеге тоқталды. Ол «Бизнесті ең төменгі  капиталмен қалай бастауға болады?» деген сауалға өз еңбек тәжірибесі арқылы, екі жағын таразы басына сала отыра жауап берді. Сырдың жас инноваторлары да қызықты ұсыныстарын ортаға салды. Екі күнге жалғасқан шарада қатсушылар бар жігерін білімге арнап, ғылымға ден қойған талантты жастардың еңбегі нәтижесіз қалмайтынына тағы бір  көз жеткізді.

Расында, инновациялық экожүйені дамыту аясында ашылған «Astana Hub» технопаркінің дарындыларға берері көп. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы сапардың қорытындысы негізінде де аймақтағы цифрландыру жұмыстары пысықталды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қараша 2019 г. 96 0