Заманауи балет труппасының кеші

Американдық заманауи бидің ең үздік балет труппаларының бірі “Company E” сырбойылық көрерменге әсерлі кеш сыйлады. Еліміздегі АҚШ елшілігінің қолдауымен өткен кеште қазақстандық “Самұрық” заманауи би театры да өнер көрсетті.

Кеште АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және білім беру жөніндегі атташе орынбасары Лэнс Эриксон сөз алды.

– “Company E” труппасы – дүниежүзіне танымал ұжым. Тараздан бастау алған сапарымыз­да  шығармашылық топ 6 қаланы аралайды. Соның бірі осы – екі ғасырлық тарихы бар, мәдениеттің ошағы болған Қызылорда қаласы. Мұнда келіп өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Өңірге бірінші рет келдік, халықтың қонақжайлығы қатты ұнады. Алдағы уақытта да түрлі жобалармен келіп, тығыз қарым-қатынас орнататын боламыз. Бізге осындай мүмкіндік берген облыс әкімдігіне, облыстық филармония ұжымына алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

“Company E” заманауи балет труппасы «АҚШ-тағы заманауи бидің ең үздік труппасы» әрі «батыл және талантты труппа» (Washington Post) деп танылған. Құрылғаннан бері труппа 30-дан астам елде болып, мәдени байланыс орнатып келеді.

– Қазақстан біздің екінші үйіміз секілді. Бірінші рет 2009 жылы келгенбіз. Сол уақытта халықтың, бишілердің өнерді құрметтейтінін, заманауи бағытқа қызығушылықтарының бар екенін байқадық. Содан бері осындағы бишілермен тығыз қарым-қатынастамыз. Мұндағы қазақ бишілерінің мүмкіндігі зор, сапасы жоғары, талғамдары биік. Қазір алматылық  “Самұрық” заманауи би театрымен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл топ Қазақстандағы заманауи би саласындағы алғашқы кәсіби топ. Топтың репертуа­рына толықметражды қойы­лымдар және бір актілік балет кіреді. Сонымен қатар, хореографиялық миниатюраның түрлі нысандары бар. Екі елдің арасында алшақтық болғанмен, бізді өнер байланыстыруда, – дейді труппа директоры Пол Гордон Эмерсон.

Айта кету керек, “Company E” 2013 жылдан бастап Қазақстанда заманауи би бойынша семинарлар өткізіп келеді. Осы сапар аясында да труппа қазақстандық әріптестерге Бродвей джазы және американдық заманауи би элементтері бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Оған 100-ден астам биші  қатысады деп күтілуде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2019 г. 70 0