Қызылқұм қойнауына шынар ағашы егілді

Жақында Жаңақорған ауданы аумағы Қызылқұм қойнауындағы Қорасан ата, Әбдіжәлел баб кесенесі саябағына бір топ ынталы азаматтардың күшімен 60 түп шынар ағашы егілді. Исі мұсылман «пайғамбар ағашы» деп ерекше қасиетті санайтын бұл ағаш көшеттерін жерсіндіру жұмыстары осылайша басталып кетті.

Шынар ағашының көшеттері осы маңдағы Қылауыз ата мен Қылышты ата-Төлегетай кесенелері маңына да әзірге алты түптен егілді.  Мұнан өзге  50 түп жиденің жаңа түрі, 200 түп шырмауық-роза гүлі мен арнайы Голландиядан әкелінген 2000 түп қызғалдақ тұқымы топыраққа сіңірілді. Жаңалықтың жаршысы Оразхан Жанысбеков деген азамат бастаған бірнеше жігіттер  көршілес Түркістан облысының тумалары, Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті 1977 жылы бітірушілер. Қазір жұмыс және отбасы жағдайына байланысты Түркістан, Шымкент, Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұрады.

– Шырша ағашы көшетін сатып әкеліп, әуелі Сары­ағаштағы тұқым бағында үш жыл өсіріп жерсіндірдік. Әкелген көшеттеріміздің үштен бірінен астамы алды. Міне, енді осы тұқымбақтан 60 түп шынар ағашын әкеліп осында өзіміз егіп беріп жатырмыз. Оларды өзіміз үш жыл бойы күтіп баптайтын боламыз. Барлық көшет тамшылатып суару әдісімен күтімге алынады. Егер биылғы еккеніміз өнбеген жағдайда келер жылы  оны қайтадан өз қаржымыз­ға егеміз, яғни шынар ағашы осы жерді қашан жерсінгенше қайталаймыз, – дейді меценат жігіт.

«Толағай-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшысы әрі директоры осылайша мырзалық танытып отыр. Компания тек құрылыс салып қана қоймайды, қа­йырымдылық шараларына да үнемі қатысуымен ерекшеленеді. Жоғарыдағы шаруа соның бір тармағы десек болады.

Жыл сайын  Алматы қаласын көгертіп-көркейтуге байланысты 300-400 түп бағалы саялы ағаш түрлерін егіп, қала әкімшілігіне теңгерімге береді екен. Тек биыл ғана әл Фараби даңғылын көгалдандыруға 10 миллион теңге қаржы бөліпті. Мұнан өзге оңтүстік астанада тұрған халқымыздың бір топ ардақты ұлдарына монументтер, Райымбек батыр ескерткішін жасатуға қаржы бөліпті. Алатау батыр ескерткіші мен оның жанына 1000 адамдық асхана мен жатынжай салдыртыпты.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2019 г. 110 0