Мемлекеттік жәрдемақы төленеді

 ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер. Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да ұлғаюы мүмкін.

Аталған мемлекеттік жәр­дем­­ақыны енгізу – Мемлекет бас­шысының ағымдағы жылғы 2 қыр­күйектегі Қазақстан хал­қына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Ең­бекмині әзірлеген атаулы әлеу­меттік көмек көрсетудің жа­ңа тетіктерінде (бұдан әрі – АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағы­тының бірі. Таяуда ҚР Еңбекмині тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қа­рауына енгізуді жоспарлап отыр.

Жоғарыда аталған мемле­кеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқи­тын балалары бар барлық көп­балалы отбасыларға табысына қа­рамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады, яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға 53 125 теңге, 6 балаға 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.

Орта есеппен алғанда, жәр­дем­ақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап таға­йын­далмайтын осыған ұқсас жәр­демақыдан 4-7 есеге көп.

Айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» ма­рапатталған немесе бұрын «Ба­тыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен мара­патталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөл­шері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мың­ға жуық адам алады. Бұл мем­лекеттік жәрдемақы сақтала бер­мек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бір­жан Нұрымбетов Қа­зақстанда 2020 жылғы 1 қаң­тардан бастап енгізуі жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін та­ныстырған болатын.

Ең басты принцип – мемлекет жәрдемге мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Ең­бек­ке қабілетті азаматтар жұ­мыс істеуі керек. Мемлекет жұ­мысқа орна­ласуға немесе ша­ғын бизнес­пен айналысуға көмектеседі.

Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс дең­гейінің 70%-і та­ғайындаудың шек­ті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсы­нылған жұмыстан және жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шық­қан балалар үшін кепілден­діріл­ген әлеуметтік пакетті енгізу ұсы­нылады. 1 жастан 6 жасқа де­йінгі балаларды азық-түлік жиын­тығымен және ги­гиеналық құрал­дармен, 6 жас­тан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық та­мақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз ете­ді. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өте­леді. Медициналық, оның ішін­де стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін ме­дициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі және міндет­ті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Лиман БОРАНБАЕВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2019 г. 314 0