2050 жыл: Қызылорда қалай өзгереді?

Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 38-ші сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов күн тәртібіне Қызылорда қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту  туралы бір ғана мәселе енгізіліп отырғанын хабарлады.

Ол жөнінде алғашқы хабарлама жасаған қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұридинов Елбасының Қазақстандағы ірі қалалардың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігі жыл басында арнайы әдістемелік жол картасын бе­кіткенін мәлімдеді. Соған сәй­кес облыс орталығында үкі­меттік емес ұйымдармен, қоғам белсенділерімен бірге қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, қаланың даму стратегиясына қатысты ұсыныс-пікірлер назарға алынып, тиісті жұмыс­тар атқарылған.

Хабарламашы Қызылорда қаласының 2050 жылға де­йінгі даму сипаты «Қазақ­стан­ның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының», Қа­зақ­стан Республикасының Стра­тегиялық даму жоспа­рының және Елді аумақ­тық кеңістікте дамытудың болжамды сызбасы, Президент Жолдауы секілді құжаттардың мақсаттарына қол жеткізуге арналған стратегиялық міндет­термен тығыз байланысты екенін атап көрсетті. Стратегия тұрақтылық қағи­дат­тарын ескере отырып, адами, табиғи-ресурстық, өндірістік-техникалық әлеуеттерді тең­герімді  пайдалану, қор­ша­ған ортаның сапасын және халықтың тіршілік ортасын жақсарту, қалалық басқару жүйесін жетілдіру, әкімшілік орталық ретіндегі мәртебеге сай бәсекелестік артықшылықтарды қалып­тас­тыру бағытында әзірленген.

Қаланың даму страте­гия­­­сының мега мақсаты – Қы­зылорданы болашақтың қала­сына және әлемдік басты эко­номикалық серіктестерімен тиімді байланыстыратын Шы­ғыс және Батыс елдері ара­сындағы құрылықаралық тран­сеуразиялық дәлізге айналдыру. Оған қол жеткізу үшін үш маңызды стратегиялық міндет орындалуы тиіс. Олар – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру және ғаламдық халықаралық кеңістікке кірігу. Осы міндеттерді атқара оты­рып, 2050 жылға қарай Қызылорда қаласын заманауи метрополиске, прогресс аумағына, инновациялық технологиялары, өмір сапасының жоғары деңгейі, қолайлы ортасы бар «ақылды» қалаға, өңірдің ғылыми, білім беру және мәдени орталығына айналдыру көзделіп отыр.

Б.Нұридинов аталған мін­деттерді шешу үшін креативті экономика, адами капиталды дамыту, қоршаған орта, цифрландыру, қалалық жоспарлау секілді бес басым бағыт айқындалып отырғанына назар аударды. Креативті экономиканы жүзеге асыру үшін мұнай мен газды қайта өңдеу, химия өнеркәсібін, құрылыс, шыны, күріш кластерін, тоқыма өнеркәсібі үшін синтетикалық жіп өндірісін дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау сияқты түрлі бағыттарда жұмыстар жүргізілетін болады. Адами капиталды дамыту мақсатында халықты жұмыспен қамту салаларын және мүмкіндіктерін кеңейту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, білім беру және әлеуметтік нысандар санын ұлғайту, білім сапасын арттыру, кадрлар мен қызметкерлер біліктілігін арттыру көзделген.

Қоршаған орта бағыты бойынша Қызылорда қаласын және жақын елді мекендерді көгалдандыру, айналасында жасыл белдеу қалыптастыру, іргедегі елді мекендерді толы­ғымен газдандыру, қоқыс сұрып­тау кешенін жетілдіру, күн және жел станцияларын салу секілді жобалар жүзе­ге асырылады. Төртінші ба­­ғыт бойынша қазіргі за­ман­ғы платформалар мен қауіп­сіздікті, ақпараттық тех­­но­логиялар негізінде цифр­­ландыру деңгейін арттыру, «ақылды технологиялары» бар «ақылды қаланы» қалып­тастыру бағытындағы жұмыстар атқарылады. Қаланы жоспарлауда индустриялық аймақты ұлғайтуға, көпқабатты тұрғын үй мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыта отырып, көркейту-абаттандыру жұ­мыс­тарына басымдық беріледі.

Сессияда қаланың даму стратегиясын жасауға атса­лысқан «Гео Дата Плюс» ЖШС бас директоры Людмила Кузнецова стратегиялық болжамдарға қатысты көр­сет­кіштерді  келтірді. 2019 жылдың 1 қаңтарында Қы­зыл­орда қаласының халқы 303109 адам болған. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 68 мың адамға артық. Ал 2050 жылы қала халқы 596 мың адам болады деп болжанып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын қала тұрғындарының жалпы өмір сүру ұзақтығы 67 жас болса, биыл бұл көрсеткіш 71 жасқа жетіп отыр. Ал 2050 жылы 75 жас болады деп күтілуде. Облыс орталығындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны биыл 200,2 мың адамды құраса,  2030 жылы 244,5 мың, 2040 жылы 286 мың, 2050 жылы 328,8 мың адамға жетеді деп болжануда. Өндірістегі жоғары технологиялық тауарлар үлесі 2050 жылға қарай өсіп, 15%-ке жетеді.

Қызылордада күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан немесе жылына 300 күннен асады. Бұл – күн электр станцияларын салу және дамыту үшін үлкен әлеует. Л.Кузнецованың айтуынша, баламалы энергетика нысандарын қосу арқылы 2050 жылға қарай Қызылорданың электр энергиясына деген қажеттілігінің 30%-тен астамын жабуға қол жетпек. Серіктестік басшысы Қызылорда қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуде қалаларды жоспарлау мен дамытудың халықаралық тәжірибелері ескерілгенін жеткізді.

Сессияда депутаттар Ибадулла Құттықожаев, Асқар Махамбетов, Жанкелді Ысқақ сөз алып, қоғамдық талқылаулар барысында көптеген маңызды ұсыныстар айтылып, олар стратегиялық маңызды құжатты дайындауда негізге алынғанын атап өтті. Сонымен бірге, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етуде жергілікті жерде өсірілген көкөністер мен мал өнімдеріне басымдық беріледі.

Мұнан соң халық қалау­лылары болашаққа негізделген стратегиялық құжатты бекітуге бірауыздан дауыс берді.

Ыдырыс Тәжіұлы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2019 г. 315 0