Өзбек этносының мәдени күні өтті

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында өзбек этносының мәдени күні аталып өтті. Оған облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова, этномәдени бірлестік басшылары мен белсенділері, еңбек ардагерлері және студент жастар қатысты.
Мерекелік шара өзбек этносының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін суреттейтін ұлттық әшекей бұйымдарынан, өрнекті ыдыс-аяқтарынан, тұрмыста пайдаланылатын заттарынан, ұлттық нақыштағы киімдерінен тұратын көрмені тамашалаудан бастау алды.
Шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова бірлестік мүшелерін құттықтап, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар белсенділерін алғыс хатпен марапаттады.
– Тарихы тамырлас екі халықтың достығы ежелден беріктігін бұзған емес. Бүгінгі мерекелік концертте біз өзбек ағайындарымыздың мәдениетінен сыр шертетін ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесінің куәгері болдық. Өнерпаздардың өнері тәнті етті. Осындай кештің өтуіне жұмыла атсалысқан Қахар Әлімұлы басқарып отырған облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелеріне алғысымды білдіремін. Әрқашан бірлігіміз берік, татулығымыз тұрақты болсын,–деді ол.
Кеш соңы арнайы Шымкент қалалық өзбек драма театры өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

“СБ” ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2019 г. 363 0