Сын-ескертпелер ескерусіз қалмайды

 Қызылордалықтардың 95 проценті тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру деңгейіне қанағаттанады. Ал 80 проценті қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп санайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов әлеуметтанушылардың зерттеу нәтижесін ұсынды. Одан бөлек, бірнеше бағыттағы жұмыс жайына тоқталды.

Келесі жылдың шілдесінде Сыр өңірі ұлттық цифрлық теле­хабар тарату жүйесіне толық қосылмақ. Қазіргі күні меже 92 процентті құрап отыр немесе 130 мыңнан астам абонент аталған жүйе қызметін қолданады.

Аймақтың медиа кеңісті­гінде 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралы болса, соның 90-ға жуығы баспа түрінде жарық көреді. Бүгінде сала өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Серік Жанболат секілді журналистика майталмандары шеберлік дәрістерінде тәжірибе-білімдерімен бөлісті.

Басқарма басшысы әлеумет­тік желі қызылор­далықтар үшін наразылық білдіріп, сын-ес­кертпе айтатын маңызды ақпарат алаңына айналғанын атап өтті.

– Биыл он айда 2 мыңнан астам сыни пост жарияланды. Оларға дер кезінде жауап берілді. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында әлеу­меттік желілерде қала, аудан әкімдіктері мен облыс­тық басқармалардың ресми парақшалары ашылды. Ұсы­ныс-пікір, сын-ескертпе, талап-тілектің ешқайсысы на­зар­дан тыс қалмайды, – деді Т.Маханов.

Ономастика және көрнекі ақпаратты бақылау саласында да біршама жұмыс атқарылды. Қыркүйекте облыстық ономос­тика комиссиясының отырысы өтіп, онда 100-ден астам ұсыныс қаралды. Нәтижесінде 65 көше мен 5 объектіге оң қорытынды берілді. Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласындағы №278 орта мектеп ғалым Байзақ Момынбаевтың есімімен аталатын болды.

Шығыс құжат айналы­мын­дағы мемлекеттік тіл үлесі жергілікті атқарушы органдарда 99,5 процентті, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде 98,7 процентті көрсетті. Облыстық тілдерді оқыту орталығы арқылы 1800-дей адам арнайы курстарда оқыды. ҚазТест жүйесі бойынша мемлекеттік және бюджеттік саланың 300 қызметкері диагностикалық, 278 адам сертификаттық тестілеуден өтті.

Басқарма басшысы осы айдың соңына қарай облыс­тық «Жомарт жүрек» қа­йырымдылық акциясы болатынын жеткізді.

– Онда қалалық және аудан­дық кезең жеңімпаздары «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Ерен еріктілік», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» атты 5 номинация бойынша марапатталады. Сыйлық иегерлері республикалық ке­зеңге ұсы­нылады, – деді ол.

Назерке Саниязова.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 394 0