Музей түні

«МУЗЕЙЛЕР ШЕРУІ-2019» жобасы аясында 2019 жылдың  15 қараша күні, сағат 19.00-02.00 аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» мәдени мерекелік шара ұйымдастырылып, «Ашық есік» күні жарияланды. 

Мәдени шараға мәдениет қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, қылқалам шеберлері, өнер иелері, жәдігер жанашырлары, орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Музейлер шеруі» жобасының мақсаты – «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында жастардың бойына ұлттық кодты сіңіріп, тарихи санасын жаңғырту, дүниетанымын кеңейту,  қолжетімділікті арттыру. Халықтың барлық категорияларының бос уақытын тиімді өткізу, музейдің ғылым ордасы ғана емес, мәдени-көпшілік орын екендігі туралы ұғым қалыптастыру. Қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау, музейге келушілерді көптеп тарту, музей қорындағы туындыларды насихаттау. 

«Музей түні» – әлеуметтік маңызы бар акция. Ол халықты өткенін саралауға, бүгінін бағалауға ғана шақырмайды, бірлігін бекемдеуге, құндылығын қастерлеуге, сол арқылы бір мақсат, бір мүдде, бір ел аясына топтасуға үндейді. 

Шара барысында ҚР Ұлттық валюта күніне орай «Төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі» атты Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің монеталар көрмесі, музей қорында сақталған ағаштан жасалған бұйымдардан «Көненің көзі» атты көрме, музей қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардан «Руханият ескерткіштері» атты көрме жасалды. Сондай-ақ, жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларынан «Ұлы жібек жолының ізімен» атты көрмесі ұйымдастырылып, шеберлік сағаттар өткізілді. «Абай сөзінің сәулесі» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылып, оқушылар ұлы ақынның өлендері мен қарасөздерін жатқа оқыды. «Елімнің еркіндігі - Тәуелсіздік» тақырыбында музейлік сабақ ұйымдастырылып, музей жанынан құрылған «Жас экскурсоводтар мектебі» мүшелері музей залдары бойынша шолу және тақырыптық экскурсиялар жүргізді. Қызылорда жастарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасы және караокемен ән айту шарасына ұласты. Мерекені тамашалаған қала жұртшылығы ризашылықтарын білдіріп, көңілді тарасты. 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2019 г. 279 0