Ер адам әйелімен ажырасқанын кортеж жалдап, атап өткен

Оралда ер адам әйелімен ажырасқанын кортеж жалдап, атап өткен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 16 қараша күні сағат 11.06-да 102 телефонына «Самал-1» шағынауданындағы «Арасан» моншасы жанында төбелес болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Полиция қызметкерлері оқиға болған жерде 20-дан астам түрлі маркадағы жол талғамайтын автокөліктің тұрғанын анықтаған. Көп ұзамай аталған кортежді Шығыс Қазақстан облысының 34 жастағы С. есімді азаматтың ұйымдастырғаны белгілі болды.
Оның сөзіне қарағанда, 11 қараша күні ол Орал қаласында тұратын бұрынғы зайыбына келген. Бұған дейін олар ажырасып, өз иеліктеріндегі пәтерін сатып, оның қаржысын бөліп алған. Осы қаржыдан аталған азамат алғашқы күні 5 автокөлік жалдап жүрген. Одан кейінгі күндері 20-ға дейін жеткізген. Барлығы 60 джипке тапсырыс берген. Ол өзінің әйелімен ажырасқанын осылайша атап өтпек болған. Жиырмаға тарта автокөлік мән-жайды анықтау үшін Орал қаласы полиция басқармасына жеткізіліп, барлығы дерлік жіберілді.
Тек «LINKOLN» автокөлігі арнайы тұраққа қойылып, тиісті құжаттарсыз айдағаны үшін жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ер адам 60 джип көлігін жалдап, серуендегенін жазған болатынбыз.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қараша 2019 г. 239 0