Жаңалыққа толы «Жыр мұра»

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық жобалық кеңсе аясындағы «Жыр мұра» жобасының қорытынды концерті өтті.

Биыл облыста Сыр сүлейлерінің мақам-саздарын жаңғырту, жыр-термелердің жаңа тынысын ашу үшін «Жыр мұра» жобасы басталған еді. Халықтың мыңжылдық мұрасын жарқыратып ұсынуды көздеген жоба нәтижесіз емес.

 «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, нә­тижесінде 45 жыршы-жы­раудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саз, 27 адамнан аңыз әңгімелер, 5 қолжазба, 25 терме-толғау мәтіні, 10 дастан, 58 өнерпаздың орын­дауындағы терме-толғау жазып алынып, орталық қорына өткізілген. Айталық, экспедиция барысында Арал өңірінен атақты Дәріғұл жыраудың шәкірті Берекет жыраудың орындауындағы 40 минуттық  мақам-саз, Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай, Жұбатов Қызылбай жыраудың баласы Мықтыбай, Үркімбаев Дай­рабай ақсақалдардың әңгі­ме­лері және осы өңірдегі жыр­шы-жыраулардың терме-толғаулары жазылып алынған.

Жобаның ашылу семинарында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгенін, ендігі міндет Қорқыт күйі мен аңыздарын жүйелі түрде насихаттау екенін еске салған. Сондай-ақ, жыл басында Жыраулар үйі Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында ғана бар екені, ал Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жыр мектептері әлі қалыптаспағаны да айтылған еді. «Жыр мұра» жобасы аясында бұл мәселенің түйіні тарқатылыпты. Биыл аталған 4 ауданда жыр-терме үйірмесі және 7 ауданда да қобыз үйірмелері ашылған. Бұл үйірмелерде белгілі жыраулар дәріс өткізіп, шәкірттерге Сыр сүлейлерінің бұрын-соңды көп орындалмай жүрген мақам-саздары үйретілуде.

Жоба аясында жыр әлеміне жаңа есімдерді шығару көзделген еді. Бұл мақсат та орындалып, жұмыс жүйеге түскен. Бүгінде жыр мұраны бойына жастайынан жиып өскен 15 жаңа есім анықталып, олар қорытынды концертте ел алдына шықты. Сондай-ақ, шарада Сәрсенбай, Жиенбай, Нұртуған жыр мектебі өкілдері, Нартай жыр мектебінің жас шәкірттері, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі шәкірттері өнер көрсетті.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,
"Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қараша 2019 г. 161 0