Жаңашылдыққа ұмтылған жобалар

Қызылордада «Байқоңыр Start-Up - 3» бизнес-идеялар конкурсы қорытындыланды. «Жан-Арай» кешенінде үздіктерді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов марапаттады.

Үшінші мәрте ұйымдастырылған конкурсқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 100-ге жуық жас қатысса, комиссия 60-ның жобасын қорғау сатысына жіберген. Олардың арасынан озық идеялы 6 үміткер үздіктер қатарынан көрінді. Айта кетейік, комиссия құрамында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалы, мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, қаржы институттары мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері болды.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов 2018-2020 жылдардың жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы ретінде жариялануы халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешуге, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Бүгінгі күні өңірде 45 630 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Оның 24 процентке жуығы 18 бен 29 жас аралығындағы кәсіпкерлерге тиесілі. Мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 2546 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Саланы дамытуға арналған қаражаттың 395,6 млн теңгесі жас кәсіпкерлердің 125 жобасын шағын несиемен қамтамасыз етуге жұмсалды. Қайтарымсыз гранттар үшін бөлінген 21 млн теңге есебінен тағы 44 жоба жүзеге асырылды, – деді ол.

Жаңашылдыққа ұмтылған жобаларды қолдауға бағытталған байқау жеңімпаздарына қаржылай жүлделер табысталды. Конкурс қорытындысымен қызылордалық Асылбек Әлібек, жалағаштық Қайрат Сәденов, қармақшылық Айшолпан Қайлауылова – ІІІ, облыс орталығынан қатысушы Оралбек Абдуллаев пен шиелілік Рауан Сейдахметов ІІ орын алды. «КinoSky – ашық аспан кинотеатры» жобасының авторы, қызылордалық Сұлтанбек Келжанов жеңіс тұғырынан көрінді.

Қалған қатысушыларға облыс әкімі орынбасарының алғыс хаттары табысталды.

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қараша 2019 г. 456 0