Қуатты армия – ел тірегі

Саптағы сарбаз қашан да, қандай жағдайға да дайын болу керек. Бұл – әскерилердің бұлжымас қағидасы. Облыс бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент осы мәселені басты орынға қойып, жылды қорытындылады. Мақсат – айқын, бағдар – нық. Биылғы жоспар да орындалып, жүйелі жұмыс оң бағасын алды. Жиынға Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, бағыныстағы басқарма мен  бөлімдердің әскери және азаматтық қызметшілері қатысты.

Шарада сөз алған департамент бастығы, полковник  Еркінбек Байболов Қорғаныс министрлігінің алқа отырысында көтерілген мәселелері мен талаптарын жұртшылыққа жеткізді.

– Еліміз осы жылы Тәуелсіздік дәуірі үшін теңдессіз бірқатар маңызды саяси оқиғаларды бастан кешірді. Адал, әділ және бәсекелі сайлау аясында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Жоғарғы Бас қолбасшы қойған Қарулы Күштердің басты міндеті – еліміздің егемендігі мен аумақтың тұтастығын әскери құралдармен қамтамасыз етуге ұдайы әзірлікте болу. Офицерлер, сержанттар әскери қызметтің қиындығы мен ауыртпалығына табандылықпен төзіп, азаматтарымыздың бейбіт өмірін қорғай отырып, күнделікті еңбегімен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосуда, – деді Еркінбек Серғалиұлы.

Жиында жыл қорытындысы бойынша  жауынгерлік және  жұмылдыру дайындығында жеткен жетістіктері үшін Шиелі ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі І, Жаңақорған ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ІІ, Қызылорда қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, бірқатар әскери және азаматтық қызметшілер департамент бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ,

облыс бойынша Қорғаныс істері 

жөніндегі департаменттің баспасөз маманы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 желтоксан 2019 г. 191 0