Тәртіп сақшылары Тәуелсіздік күнін атап өтті

Қызылорда облысының полиция департаментінде «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға ардагерлер, департамент және басқарма басшылары мен жеке құрам қатысты.
Шара салтанатты әнұран ырғағымен ашылып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлының арнайы  құттықтау жедел хаты оқылды.
Министр бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген 9 қызметкер марапатталса, Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлының бұйрығымен 90-нан астам қызметкерге марапаттар мен жаңа шендері табыс етілді. Атап айтқанда, Қызылорда облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы полиция капитаны Досмахан Думан  ІІ дәрежелі «ІІМ-дегі Үздік қызметі» төс белгісімен марапатталса,  Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы  Альдешов Рауан марапатталды.
«Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Көк байрағы желбіреген,  бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын.  Халықтың қауіпсіздігін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет ету жолында сәттілік тілеп, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектестік білдіремін», - деді департамент бастығы.    
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара полиция қызметкерлерінің күшімен дайындалған концерттік бағдарлама ұласты. Тәртіп сақшылары рухты серпілтер патриоттық әндер шырқап, сахнаны өнермен көркемдеді.
Осылайша, бұл ұлық мейрамды еліміздің егемендігін қорғау жолында адал қызмет етіп, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп жүрген полиция  қызметкерлері мерекелік көңіл - күймен атап өтті.


 Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2019 г. 150 0