Қызылордада су деңгейі көтерілгені рас па?

Соңғы күндері респуб­ликалық кейбір ақпарат агенттіктері  Қызылорда облысы аумағында Сырдария өзенінің деңгейі қауіпті мөлшерге дейін көтерілгені жөнінде мәлімет таратты. «Бұл ақпарат негізсіз» деді мамандар кеше өткен брифингте. 

– Республикалық ақпарат агенттігінің бірі 9 қаңтарда «Қызыл­орда» су торабынан өтіп жатқан су мөлшері 704 текше метр құрайтынын хабарлап, нәтижесінде облыс орталығына қауіп төнуі мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен, ол деректің ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдейміз. Қазір «Көксарай» су реттегіші 14 қаңтардан бастап секундына 200 текше метр су қабылдауда. Ол бұған дейін 100-150 текше метрді құраған болатын. «Шардара» су қоймасынан облыс шекарасына дейін секундына 480 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су тоспасынан төменгі ағысқа секундына 340 текше метр су өтуде. Айта кетерлігі, қазір Арал, Қазалы аудандары мен Қармақшы ауданының кейбір бөлігінде өзенде мұз ұстасып тұр. Жалағаш, Қармақшы аудандарында сеңнің жүруі 35-40 пайызды құрайды. Дария деңгейі тұрақты түрде бақылауда. Тиісті мекеме мамандары күн сайын кезекшілік ұйым­дастырып келеді. Облыста су басу қаупі бар 56 учаске белгіленген. Бұл нысандарда126 мекеме бо­йынша 1359 адам кезекшілік жасаса, 411 техника дайындалған, – деді облыстық жұмылдыру да­йындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.

«Қазгидромет» мекемесінің облыс бойынша филиалының бас маманы Гүлнар Маманованың айтуынша, қаңтардағы орташа температура мөлшерден 1-2 градусқа жылы болады. Мұның әсерінен дариядағы сең қозғалысы жылдағы мезгілінен ертерек байқалуы мүмкін.

«СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2020 г. 181 0