Вагоннан ақау тапты

Қазалыдағы вагон пайдалану депосының теміржолшылары апаттың алдын алды. Олардың бұл әрекетін жергілікті жұртшылық өз ісіне деген адалдық деп отыр.
Жәнібек Әубәкіров пен Түстібай Албиев Сексеуіл станциясында вагон қараушы-жөндеуші болып жұмыс істейді. Ал Дархан Тәжімов пен Манас Ұстабаев Қызылорда станциясында, Әділет Қуандықов пен Үсен Теміров – Қазалы станциясында вагон-қараушы жөндеуші. Бұл азаматтар «бүйір рамасын бақылау» айлығы барысында вагондардан ақау тапты. Әлбетте, көпшілік бұны олардың міндетіне балар, десе де жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар өз қызметіне адалдық танытты.
– Айлық кезінде депоның барлық бекеттеріндегі ПТО, КПТО, ПТП және КП-бақылау пунктерінің ТОР базасында командалық-инструкторлық құрам өкілдерінің қосымша сабақтары өтіп, онда жүк вагондарының бүйір рамалары мен арбашаларында өте сирек кездесетін және оңай табыла бермейтін ақауларды табуға машықтандыру жаттығулары практикалық түрде көрсетілді. Нәтижесінде депоның учаскелердегі техникалық қызмет көрсету қосындарындағы ауысым вагон қараушылары жүк вагондарынан бүйір рамасы мен КВЗ-И2 арбашасынан 5 мәрте ақау тапты, – деді Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев.
Жүк вагондарының бүйір рамаларының ақауы жиілегендіктен аталған айлық енді сәуір айының соңына дейін жалғасады. Қазалы вагон жөндеу депосында 4 қараша – 4 желтоқсан аралығында жоспарлы жөндеудегі жүк вагондарының 38 бүйір рамасы мен 8 ресор үсті білегі ақаулы екені анықталған.
Аян СПАНДИЯР.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қаңтар 2020 г. 312 0