ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында бүгінде елімізге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізілген автокөліктерге қатысты проблема қоғам назарын аударды. Айта кетерлігі, бұл соңғы уақытта халық арасында жиі көтеріліп жатқан мәселенің бірі болды. 

Мемлекет басшысы сол түйінді мәселенің шешілу жолдарын қарастырып, бұл мақсатта құзырлы орындарға тиісті міндеттерді жүктеді.

Кеңейтілген отырыс барысында «Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын» деп атап көрсетті.

Аталған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажеттігін тапсырды. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады.

Бұл жұрт көкейіндегі көптеген мәселелердің оңды шешілуіне өз әсерін тигізеді деп ойлаймын. Осы мақсатта әрбір елдің тиісті заңдылығы болатыны белгілі. Әрбір азамат сол заңдылықты сақтау мәселесін қаперінде ұстауы тиіс. 

Мемлекет басшысы бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс екендігін,  уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы қажет екендігін атап көрсетті.

«Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.

 

Амангелді ДӘРМЕНБАЕВ,

Қызылорда қаласы. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қаңтар 2020 г. 201 0