Міндетке адалдық мерейді өсіреді

Қаңтардың қара суығы қысып-ақ тұр. Өзінің ауысымын тапсырғалы жатқанда Ерік пен оның әріптестері жолда Лексус шетелдік көлігін байқады. Күнұзақ бір орында тапжылмай тұрған автокөлік әлбетте күмән тудырды. Жанына барып, жөн сұрасып еді олар өздерінің туыстары елордадан келе жатқанын, бірақ келер уақыт жетсе де кешігіп жатқанын баяндады. «Қызыл­орда-Жезқазған» жолының жай-күйін жүрген адам жақсы біледі. Ерік бастаған тәртіп сақшылары бір сәт ойланған жоқ. Бір қауіптің барын сезіп, дереу жолға шықты.

Олар жаңылыспапты. Қызылорданың шекарасынан өте бере бұрқасында қалған бір топ көлікті көрді. Оның ішінде жүк көлігі де, жеңіл машина да, тіпті жолаушыларға тола автобус та бар еді. Дереу төтеншеліктерге хабарласты. Ол жерде байланыс та жоқ. Десе де амалын тауып, хабар берді. Нәтижесінде барлық жолаушы құтқарылып, автокөліктер облыс орталығына жеткізілді.

Тәртіп сақшысы ретінде талай жыл жол қауіпсіздігін түзеткен Ерік Нұрмағамбетов сан мәрте қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Бірақ қаймыққан жоқ. Керісінше, халықтың қауіпсіздігі үшін жұмыс істеді. Қазір ол облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ патрульдік полиция ротасының взвод командирі.

– Жезқазған трассасында мұндай оқиғаға талай кезіктік. Жолда жанар-жағармайы суыққа төтеп бере алмай қатып қалғандар жетерлік. Соларды тоңдырмай, жақын маңайдағы елді мекенге жеткізіп, көліктерін жолдағы жүргізушілерге өтініш айтып, сүйреп әкелдік. Сұлутөбе елді мекенінің, 16-разъез тұсында да біршама оқиғалар өтті. Күнделікті кездесіп жатамыз. Жолда қалған жолаушыны құтқарып, оларға көмек көрсету – менің міндетім, – дейді тәртіп сақшысы.


Дәулет ҚЫРДАН.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2020 г. 737 0