Коронавирус: Желідегі хабар жалған

Екі күннен бері «қызылордалық азаматтың короновирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскені жайлы» ақпарат Whats App басқа да әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарап, тұрғындар арасында үрей тудырған болатын. Осыған байланысты кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың қатысуымен брифинг өтті.

28 қаңтарда кешкі сағат 20.00-де 1960 жылы туған қала тұрғыны дене қызуымен және бас ауруымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Сұрау барысында белгілі болғанындай, сырқат 11-18 қаңтар аралығында Қытай елінде болған. Бірақ науқас соңғы екі күнде ғана ауырған. Айтуы бойынша ол жуынған соң ашық терезе астында ұйықтап қалған. Сондықтан өзінің сырқатын суық тиюмен байланыстырып отыр. Бүгінде жағдайы, температурасы қалыпты. Ауру тарап жатқан елден келгеніне байланысты ғана короновирусқа күмәнді ретінде бақылауға алынып отыр. Барлық қажетті сынамалар алынып, Алматы қаласына зерттеуге жіберілді. Ол тек короновирусқа қатысты емес, басқада инфекцияларға байланысты сынамалар. Облыс деңгейінде алынған сынамалар нәтижесі тұмауға теріс нәтиже беріп отыр. Енді нақтысы бір-екі күнде белгілі болады, – деді Әлия Әбдіқайымова.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, науқасқа мамандар кеңесімен жедел респираторлы инфекциясы деген бастапқы диагноз қойылған. Сол бойынша науқас емін алуда. Медицина қызметкерлері де қажетті сақтық киімдерімен, тасымалдау құралдарымен қамтылған, профилактикалық шаралар  да ұйымдастырылуда.

–Бүгінгі таңда облыста короновирусқа қатысты ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Күдікті ретінде тіркелген науқас тек Қытай елінде болғанына байланысты ғана бақылауға алынуда. Осыған орай тұрғындардан желідегі хабарламаларға емес, нақты ресми мәліметтерге ғана сену керектігін ескертеміз. Короновирусқа байланысты ақпаратты бір көзден тарату бойынша денсаулық сақтау министрлігі күнделікті еліміздің бас санитары Ж.Бекшиннің атынан жариялауға рұқсат берді. Сондықтан жалған ақпаратқа сенуге болмайды, – деді Ж.Абдусаметов.

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2020 г. 936 0