Аустралиядағы өрт: Канберрада төтенше жағдай жарияланды

Аустралия астанасы аумағы (АЕА) билігі Канберраның оңтүстігінде қатты өртке байланысты төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Шенеуніктердің айтуынша, бұл соңғы онжылдықтағы ең қауіпті өрт болып отыр. Өрт аумақтың оңтүстігінде 18 500 гектар аумақты шарпыған. Канберра қаласының маңындағы тұрғындарды эвакуацияға дайын болуға шақырды. Сидней мен Мельбурн арасында орналасқан шағын ауданда 400 мың адам тұрады.2003 жылы Канберра қаласының маңындағы орман өртінен төрт адам қаза тауып, 500-ден астамы зардап шекті және 470 үй қирады. «Қазір елорда аумағына орман өртіне байланысты қауіп төніп тұр», - деп мәлімдеді жұма күні елорда өңірінің бас министрі Эндрю Барр.
«Қазіргі уақытта елорда аумақтық үкіметі үшін орман өртінің қаупінен басқа маңызды мәселе жоқ». Барр мырза өрттің «бағынбай кетуі мүмкін екенін» ескертті, себебі ауа температурасы желмен бірге 40 градусқа дейін көтерілді. Ол орман өртінің Таггеранонг ауданынан оңтүстікке қарай Канберра парламенті ғимаратынан 20 минуттық жерде қатты болғанын айтты. Барр өрт сөндіру органдарына қосымша күш, құрал және ресурс беретін төтенше жағдайдың «Канберраға қауіп төніп тұрғанға дейін» жалғасатынын мәлім етті. Өткен бейсенбіде Канберра әуежайының аумағына өрт жақындағандықтан жабылған еді. Үш америкалық өрт сөндіруші қалаға жақын маңда орман өртін сөндіріп жатып, ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапты. Аустралияда қыркүйектің басынан бері орман өртінен 33 адам мерт болып, мыңдаған үй қирады. 11 миллионнан астам гектар жер жанып кетті.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2020 г. 492 0