Қызылордада облыстық жастар мәслихаты құрылады

Бүгін Қызылорда қаласында Жастар мәслихатына депуттар сайлауы басталды. Шараға қаланың барлық жоғарғы, орта-кәсіптік мамандандырылған оқу орындары қатысып, жалпы 21 оқу орнынан үміткерлер өз бағын сынауды. Таңертеңгі сағат 09:00-де басталған сайлау кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасатын болады. 
Жастар мәслихатының негізгі мақсаттары – жастардың əлеуметтік мəселелерін шешу, мүдделері мен құқықтарын қорғау. Естеріңізде болса, былтыр аймақта жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруда жастардың пікірі мен сөз еркіндігін ескеру мақсатында Жастар ресурстық орталығының бастамасы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қолдауымен жастар мәслихатын құру қолға алынған болатын.
Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстековтің айтуынша, сайлау нәтижесі бойынша сайланған депутаттарға арнайы мандат табысталады. Ал, депутаттыққа 18-29 жас аралығында жастар сайланып, мәслихатта 2 жыл өкілеттілікке ие болады.
  –  «Сіздер келіп отырған Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінен 7 кандидат депутаттыққа түсіп отыр. Соның ішінен көп дауыс жинаған 1 ғана үміткер осы оқу орының атынан қалалық жастар мәслихатының депутаты болып сайланады. Қазіргі таңда қаладағы 21 оқу орнында бір мезгілде кандидаттарға дауыс беру өтіп жатыр. Осы 21 оқу орнынан қалалық жастар мәслихатының 21 депутаты сайланады. Сондай-ақ, мәслихатқа білім, спорт, мәдениет секілді 6 саладан 6 депутат сайланатын болады. Осылайша қалалық жастар мәслихатының құрамы жасақталады. Содан соң, мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп, онда хатшысы мен комиссия төрағаларын сайлайтын боламыз. Сонымен қатар, 7 ауданда да сайлау өтіп, депуттатар анықталады. Ал, келесі жылы облыстық жастар мәслихатын құруға дайындалып жатырмыз. Бүгін сайланған депутаттардың арасынан үздіктерді, аудандардың көшбасшы өкілдерін сол облыстық мәслихатқа ұсынатын боламыз», – дейді Б. Мәстеков.
Біз аралаған үш оқу орны «Болашақ» университеті, М. Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжде және «Ақмешіт» гуманитарлық институтында да сайлау жұмысы қарқынды жүріп жатыр.






ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 ақпан 2020 г. 362 0