«Сарыарқа» газы 2,7 млн тұрғыны бар 171 елді мекенге тартылады

«Сарыарқа» газ құбыры 2040 жылға қарай 2,7 млн тұрғыны бар 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының атап өтуінше, 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Сарыарқа» магистралды газ құбырының 1-кезеңінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Газ құбырының желілік бөліктен басқа Астана-1, Астана-2, Қарағанды, Теміртау жән Жезқазған автоматтандырылған газ тарату стансасы бар. Мұнан бөлек, келешекте жергілікті атқарушы органдар тарапынан Жәйрем, Аршалы, Осакаров, Атасу, С.Сейфуллин, Шахтинск автоматтандырылған газ тарату стансасын салу көзделіп отыр.

«Сарыарқа» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының бірінші кезеңінде 2040 жылға қарай 2,7 млн тұрғыны бар 171 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Яғни, газ құбырының гидравликалық қуаты жеткілікті және қосымша параллель тармақ құрылысын қажет етпейді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола мен Қарағанды облыстарында магистралды газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері құрылысының 1-кезегі жоспарланған. Ол ведомстводан тыс сараптамадан толықтай өтіп, оң қорытынды алды. Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында газ тарату желісінің құрылысы өткен жылдың күз айында басталды. Оларды қаржыландыру үшін 2019 жылы республикалық бюджеттен Нұр-Сұлтан қаласына 3 млрд, Қарағанды облысына 2,4 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржы толықтай игерілді», - деді ол.

Премьер-Министрдің дерегінше, 2020-2022 жылдарға арналып бекітілген бюджетте Нұр-Сұлтан қаласына 8,6 млрд теңге, Қарағанды облысына 58,8 млрд теңге қарастырылған.

«Ақмола облысында мемлекеттік сараптама қорытындысын кеш алуға байланысты құрылыс жұмыстары басталған жоқ. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді және Ақмола облысының әкімдігі мердігер ұйымды айқындауға арналған конкурстық процедураны жүргізіп жатыр. Бұған қоса, Ақмола облысының әкімдігі 2020 жылы республикалық бюджеттен газ тарату желісі құрылысын қаржыландыруға арналған бюджеттік өтінімді Энергетика министрлігіне енгізді. Аталған бюджеттік өтінім 2020 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау барысында республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізілетін болады. Аталған өңірде газ тарату желісін салу мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр. Сонымен қатар қазіргі уақытта Үкімет елдің солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Сарыарқа» магистралды газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерін жүзеге асыру мәселесін қарастырып жатыр», - деді Асқар Мамин.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2020 г. 165 0