Илья Ильин Олимпиадаға бара ала ма?

Жуырда Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан Токио Олим­пиадасына жолдама беретін лицензиялық жарыс өткені мәлім. Төрткүл дүниенің тау көтерген толағайлары жиналған бәсекеде Қазақстанның төрт спортшысы өнер көрсетіп, үш медаль олжалады. Атап айтар болсақ, Игорь Сон (61 кило) мен Илья Ильин (102 кило) қарсылас шақ келтірмей алтын тұғырға көтерілсе, Ибрагим Берсанов (109 кило) күміс медальды мойнына ілді. Жерлестеріміздің арасынан осы додада Раушан Мешітханованың (87 кило) ғана жолы болмады. Ол бесінші сатыға жайғасты.

Қазақстандық ауыр атлетика жан­күйер­лері Ташкентте топ жарған Игорь Сонның емес, Илья Ильин жеңім­паз атанғанына қуанып, Токио Олим­пиа­дасына дәл осы сыр саңлағы барады деп алдын ала болжамдарын айтып жатыр. Өйткені бұл Ильиннің екі жылға спорттан шеттетілгеннен кейінгі алғашқы ірі жеңісі болғандықтан, жанкүйерлер отандасымыздың қайтадан жеңісті жолы басталды деп есептейді. 16-17 жасында жас­тар және ересектер арасында әлем чемпионы атанып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген Ильинді спортсүйер қауым әлі де жоғары орындардан көргісі келеді.

 Илья Ильинді Токио Олимпиадасына «аттандырмас» бұрын, ең бірінші мына жағдайға баса мән беру керек. Биылғы жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан құрамасы сапынан тек екі ауыр атлет қана бақ сынайды. Яғни бір ер және бір әйел спортшы. Себебі қазақстандық спортшылар допинг ережесін бұзғаны үшін халықаралық ауыр атлетика федерациясы бізді осылай жазалады. Сондықтан ережеге сәйкес, қазақстандық спортшылардың Олимпиадаға арналған іріктеудің жаңа тәртібі бойынша ғана қатысуға мүмкіндігі бар. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бекіткен ереже бойынша, егер Ұлттық федерация 2008-2020 жылдар аралығында 10 рет ереже бұзса, Олимпиадаға сол елдің тек сегіз, яғни төрт ер және төрт әйел ауыр атлеті қатыса алады. Аталған жылдар аралығында 10-19 мәрте ереже бұзса, төрт – екі ер және екі әйел ауыр атлетшілері сынға түсе алады. Сондай-ақ 2008-2020 жылдар аралығында 20-дан көп ереже бұзу тіркелсе, онда Олимпиадаға тек екі ауыр атлет – бір ер және бір әйел қатыса алады. Ал қазақстандық спортшылар 12 жылдың ішінде 36 рет ереже бұзғандықтан Токио Олимпиадасына екі-ақ спортшымыз қатыса алады. Бұған дейінгі аламандарда ел намысын 8-10 спортшыдан қорғайтын еді. Риода өткен соңғы Олимпиадада Қазақстан құрамасынан 8 атлет бақ сынады. Оның бесеуі ер болса, үшеуі әйел. Ерлер арасында Ниджат Рахимов (77 кг) топ жарса, Фархад Харки (62 кг), Денис Уланов (85 кг) және Александр Зай­чиков (105 кг) қола жүлде иеленген болатын. Ал әйелдер арасында Жазира Жаппарқұл (69 кг) күміс алса, Карина Горичева (63 кг) ел қоржынына қола жүлде салғаны көзіқарақты оқырмандардың есінде болса керек.

Олимпиадалық өзге спорт түрлеріне қарағанда, ауыр атлетиканың Олимпиадаға жолдама беретін тәртібі өзгеше. Яғни, спорт­шы Олимпиадаға дейінгі екі жыл­дың ішінде міндетті түрде әлем және құрлық чемпионатына, сонымен қатар халықаралық ауыр атлетика федерациясы бекіткен 5-6 халықаралық турнирде бақ сынап, рейтинг жинауы қажет. Сондықтан да Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников барлық спорт­шыға бірдей мүмкіндік беріп, кезек-кезе­гімен атлеттерді міндетті турнирлерге жіберіп жатыр.

Енді Илья Ильин Олимпиадаға бара ала ма әлде жоқ па деген сұраққа нақты жауап берместен бұрын, оның Ташкентте көрсеткен нәтижесін қарсыластарымен салыстырып көрейік. Сол кезде сұрақтың жауабы белгілі болмақ. Екі жыл спорттан шеттетілгеннен кейін өзінің мықтылығын дәлелдеймін деп үлкен спортқа қайта оралған отандасымыз Өзбекстандағы жарыста 102 кило салмақта бақ сынап, қоссайыста 355 кило зілтемірді еңсерді. Яғни, жұлқа көтеруде 160, серпе жаттығуында 195 килоны бағындырды. Былтыр қыркүйек айында Таиландта өткен әлем чемпионатында Илья 363 киломен (168+195) 13-орынға табан тіреген еді. Ал дәл осы салмақта отандасымыздың басты қарсыласы саналатын Беларусь спортшысы Евгений Тихонцов Ильиннен 36 кило артық көтеріп, 398 (180 + 218) ки­ломен бас жүлдені олжалаған. Төрт жыл бұрынғы Рио Олимпиадасында топ жар­ған өзбекстандық Руслан Нурудинов 431 (194+237) кило зілтемірді аспанға көтерген. Демек, Илья Ильин Олимпиадаға баруы және жүлдегерлер қатарынан кө­рінуі үшін Олимпиадаға дейін кем деген­де 400 килодан көп зілтемірді бағындыру керек.

2018 жылы үлкен спортқа оралған Ильиннің екі жылдағы ең үздік нәтижесі қазірше – 380 кило. Ол екі жыл бұрын Қазақстан чемпионатында 380 (172+202) килоны еңсерген-ді. Байқағандарыңыздай, көрсеткіші жоғарылаудың орнына төмендеп бара жатыр. Енді екі жыл бұрынғы нәтижесін 5 айда жақсарта ала ма екен?! Отандасымыз қазір әлемдік рейтингте 363 кило көрсеткішімен 21-орында тұр. Көш басын 398 киломен 21 жастағы Беларусь Евгений Тихонцов бастап тұр.

Ильиннен бөлек, Олимпиада баруға Игорь Сон, Ниджат Рахимов, Денис Ула­нов және тағы басқа да жігіттердің де мүм­кіндіктері бар. Жеңіл салмақтағы Сонның өзі бірталай турнирде топ жарып жүр. Нәтижесі де жаман емес. Бапкерлер мен ел сенімін ақтап келеді. Мысалы, былтырғы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып тұрса да, 55 килода 266 кило зілтемірді еркін еңсеріп, жүлделі екінші орын алды. Сондай-ақ былтыр жыл соңында Қатарда өткен лицензиялық турнирде 61 килода сынға түскен отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 278 килоны (124+154) еңсеріп, тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрінді. Қазіргі таңда бұл салмақта қытайлық Ли Фабинь қарсылас шақ келтірмей тұр. Былтырғы әлем чемпионатында 318 кило көтеріп, әлем рекордын жаңартқан. Рио Олимпиадасында колумбиялық Оскар Фигероа да 318 киломен Олимпиада чемпионы атанған-ды. Бірақ қазіргі таңда ол халықаралық жарысқа 67 килода қатысып жүр. Рейтингте бұл салмақтың көшін әлгі Ли Фабинь бастап тұр. Ал біздің Сон 278 көрсеткішімен 24-орында келеді.

Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов былтырдан бері халықаралық жарыстарға 81 килода қатысып жүр. Ол былтыр үш жарысқа қатысып, бір турнирде топ жарды. Былтыр сәуірде Беларусь елінде өткен Alexander Cup жарысында 344 киломен (151+193) тұғырдың биік сатысынан көрінді. Ал сол жылғы әлем чемпионатында С тобында сынға түскен отандасымыз жалпы есепте 334 киломен 17-орынды місе тұтты. Жыл соңындағы Қа­тар­дағы турнирде 342 кило (150+192) нә­тижемен 7-орыннан кө­рінді. Рахимовтың нә­ти­жесі жарыс сайын жоға­рылаудың орнына кері кетіп жатыр. Егер алдағы Азия біріншілігіне дейін нәтижесін жақсартпаса, Олимпиададан құр қалды дей беруге болады. Ол қазір рейтингте 18-орында тұр. Бірінші орында 378 киломен әлем және Олимпиада чемпионы қытайлық Люй Сяоцзюнь орналасқан.

85 килода Рио Олимпиадасының қола­сын алған Денис Уланов салмағын 89 килоға ауыстырған. Отандасымыз был­тыр 4 турнирге қатысса да, нәти­жесі көңіл көншітерлік жағдайда емес. Өйткені Паттайядағы әлем чемпионатында 358 кило зілте­мірді бағындырған ол 10-орынға табан тіреді. Кейіннен Ұлыбританиядағы British International Open жарысында алтын медаль жеңіп алғанымен, сәтті өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Нәтижесі тым нашар. Қоссайыс бойынша – 325 (145+180) кило көтеруге шамасы жетті. Қатардағы жарыста 315 (140+175) кило­мен шектелсе, Alexander Cup жарысында 154 киломен жанкүйерлер алдында масқара болды. Жалпы Рахимов пен Улановтың нәтижесі өз деңгейінде емес. Яғни, бұл көрсеткішпен екі спортшы да бабында емес деуге болады. Денистің рейтингте нәтижесі – 15-орын. Көш басында 375 киломен чилилік Арлей Мендес Перес тұр.

Олимпиада және әлем чемпионаты жүлде­герлерінің қысқаша нәтижелері осын­дай. Жігіт­теріміздің нәтижесі Токио­да топ жаратындай көрсеткіште емес екенін өздеріңіз де сезіп-біліп отырған шығар­сыздар. Қазірше ең тәуір нәтиже Игорь Сонға тиесілі болып тұр. Бірақ Токио­ға кім баратынын сәуір айында Ташкентте өтетін Азия чемпиона­ты анықтап бермек. Әзірше нақты мына спорт­шы барады деп кесіп айту ерте. Ал қыздар құрамасы сапынан тек Зүлфия Шиншанлоның нәтижесі ғана көңіл көншітерлік. Сәйкесінше, Олимпиадаға да дәл осы Шиншанлоның жолы түсіп тұрғандай.


Әли БИТӨРЕ.
egemen.kz.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2020 г. 236 0