ҚР СІМ Сауд Арабиясының визаны тоқтатуына байланысты түсінік берді

ҚР СІМ Сауд Арабиясының туристік виза беруді тоқтатуына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Абдулазиз бен Абдулла Әл-Даудпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Елші Сауд Арабиясы билігінің бірқатар елдердің азаматтары үшін электрондық туристік визаларды беруді уақытша тоқтату жөніндегі таяудағы шешімі туралы мәселеге түсініктеме берді. «А. Әл-Дауд умра жасау үшін қажылық визаларды, сондай-ақ туристік визаларды беру бүкіл әлем бойынша коронавирус індетінің кең таралуына байланысты тоқтатылғанын растаған. Бұл шара уақытша және Корольдікке келетін әлемнің барлық мұсылмандарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, ол визаның іскерлік және басқа да түрлерін беру тоқтамағанын жеткізді», - делінген хабарламада.
 Сауд Елшісінің айтуынша, азаматтарға кіру тоқтатылған мемлекеттердің тізімі әлемде коронавирустың таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне байланысты жаңартылып тұрады. Сонымен қатар, бұл тізімге Қазақстанмен қатар Орталық Азияның басқа да елдері енгізілген. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар коронавирустың таралуына байланысты өз елдеріндегі эпидемиологиялық жағдай бойынша өзекті ақпаратпен алмасуға уағдаласты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2020 г. 125 0