Қазақстанда «Бизнеске арналған үкіметтің» 200 офисі ашылады

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Нұр-Сұлтан қаласында «Бизнеске арналған үкімет» жобасын іске асыру бойынша көшпелі жұмыс кеңесін өткізді. Бизнеске арналған алаң «iQala» қалалық қызмет орталығы базасында орналасқан, - деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның мақсаты – орталықтандырылған барлық мемлекеттік қолдау шаралары мен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету. Айта кетейік, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруда бизнес-климатты жақсарту, «Бизнеске арналған үкімет» қызметін іске қосу, сондай-ақ ақылды реттеу құралын іске асыру реформасының 8-пакетін қабылдау қажет. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметін іске қосу жобасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік қолдау шаралары операторларымен бірге жобалау тобы құрылды.
«Бизнеске арналған үкімет» қызметі – қаржыландыру, сату, цифрлық қызмет, құқықтық сүйемелдеу мен құзырет тәрізді сұранысқа ие бизнес-сауалдардың біріккен жері. Біз кәсіпкерлер үшін бірыңғай хаб құрып отырмыз. Ал бұл кәсіпкерлікке де, жалпы ел экономикасына да қолайлы әсер етпек», - деді министр.
Бұл - мемлекет пен бизнестің бірыңғай қызмет көрсету қағидаты бойынша өзара іс-қимыл форматы. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай офисінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыретін артыру мен қаржыландыру мәселесі бойынша барлық қызметтер мен консультация ала алады. Дәленовтің айтуынша, қазіргі жұмыс істейтін орталықтардан көп айырмашылық бар. Бүгінде орталықтар кәсіпкерлерге консультация бергенмен, олар мемлекеттік органдарға, әкімдікке, банкке, салық орындарына тағы да жүгінуге мәжбүр. Енді ақпараттық жүйе арқылы e-gov, орталық органдар мен әкімдіктердің қызметін қосуға болады. Бір жаққа барудың қажеті жоқ. Уақыт қана үнемделмейді. Жүйеден өтініш-құжаттың қай жерде және не үшін «тұрып қалғанын» көруге болады. Бұл дегеніміз - бизнесті қорғау.
 «Енді бизнесмендер туындаған мәселе қандай күрделі болса да, қайда, кімге барып, жолығып, жауап алуға болатынын нақты білетін болады», - деді Дәленов. Пилоттық жоба екі ай ішінде астана мен 4 облыс орталығында өткізіледі. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметін толық іске қосу биылғы маусымға белгіленіп отыр.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 наурыз 2020 г. 515 0