Ұсыныстар бағдарламаға енгізіледі

Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев қонақта болды.

Қызылордалық жастармен кездесуде партия хатшысы «Nur Otan»-ның атқарылған ауқымды істері мен алға қойған мақсаттарын ортаға салды. «Jas Otan» жастар қанатының жастар арасындағы рөлі, оның жарқын жобалары төңірегінде де әңгіме өрбітті.

–  Қазір жастарды ынталандыру шаралары жүйелі іске асырылуда.  Алдағы уақытта жұмыс осы қарқынмен жалғасса, жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік-мәдени, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйелі жүзеге аса береріне сенім мол. Бұл орайда «Jas Otan» жастар қанаты бірқатар баянды бастамаларды жүзеге асырғанын айту керек. Бірақ, бізді қуантатыны басқа дүние. Қазір жастар белсенді, жан-жақты, ойын ашық әрі еркін білдіре алады. Бүгінгі кездесуде де мен осыны байқадым. Басқосу барысында барлық мәселелердің басы ашылды. Жастарды баспанамен қамту, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту  қажеттігі, ауылдардағы жастар кәсіпкерлігінің көкжиегін кеңейтуге қатысты ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл мәселелердің барлығы жастар қанатының «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеу барысында міндетті түрде ескеріледі, – деді А.Қырықбаев.  

Сондай-ақ, партия хатшысы кездесуде жуырда қалалық мәслихат депутаттығына сайланған жастарды арнайы құттықтап,  куәліктер табыстады.

Айта кетейік, жүз мыңнан астам жасты біріктірген «Jas Otan» ұйымның барлық өңірде филиалы бар. Қазір партияның жастар қанаты басшылары еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүр. Мұндағы мақсат – әрбір жастың пікірін ескеріп, олардың маңызды мәселелеріне құлақ түру.

М.СНАДИНҚЫЗЫ, 

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2020 г. 461 0