Жалағаш кентінің әкімі неге ескерту алды?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаевтың төрағалығымен өткізілген отырыста 4 мәселе қаралды.
Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес бірінші болып Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Ауданда жергілікті атқарушы органдарында 196 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. 2019 жылы 14 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан өтсе, 50 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырған. Жұмыс уақытынан кешігіп келу және артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау мақсатында қызметкерлердің жұмысқа келу-шығу уақытын есепке алатын электронды басқару жүйесі (СКУД) орнатылып, аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердегі 279 жұмыс компьютеріне сағат 19:00-де автоматты түрде сөндірілетін бағдарламалық жүйе (shutdown) енгізілген. Жергілікті атқарушы органдарымен 62443 мемлекеттік қызметтер көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан.
Келесі кезекте ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілі Жаннат Дүзелбаева 2019 жылы атқарған қызметі туралы есеп берсе, Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің тәртіптік комиссиясының жұмысын департамент басшысының орынбасары, тәртіптік комиссияның төрағасы Алия Абдикаимова баяндады.
Есептерді тыңдаған Кеңес мүшелері, мемлекеттік орган басшылары мен Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан мемлекеттік қызмет және Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қадағалаумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталып, мүдделерінің қорғалуына да жауаптылықты күшейтуді тапсырды.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі соңғы мәселемен Жалағаш кентінің әкімі Ғалым Телібаевтың тәртіптік ісі қаралды. Кент әкімі, мердігерге ақы төлеу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау кезектілігін сақтамай, мерзімінен бұрын ақы төленуіне жол беріп, өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгіну жұмыстарын жүргізбеген.
Тәртіптік істі қараған Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, Жалағаш кентінің әкімі Ғ.Телібаев тарапынан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін кент әкіміне «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануды ұсыну жөнінде шешім етті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2020 г. 702 0