Поштаны дронмен тасымалдаудың даму қарқыны қандай?

«Қазпошта» АҚ атқарушы директоры Дәурен Тұрысбеков дронмен жүк тасымалдау бағытын дамыту жөнінде түсінік берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үш жыл бұрын біз шалғай елді мекендерге поштаны дронмен жеткізуді бастадық. Аталған жобаны іске асыру жалғасуда. Дегенмен бұл жоба көктем мен күз аралығын іске асырылады. Қалған кезеңде (қыс мезгілінде көлікпен) күнделікті логистикалық бағдармен жеткізіледі», - деді Д. Тұрысбеков Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, аталған қызметті аутсорсингтік компания атқарады. «Қазпошта» компаниясымен олар шартқа отырғаннан кейін, тиісті қызметті жүзеге асырады. Негізінен, бұл қызмет Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көрсетіліп келеді.
«Дрон хаттар мен газеттерді тасымалдайды. Аталған қызметті көрсету жалғаса береді, себебі жоба айтарлықтай жақсы қарқынмен іске асырылуда. Бізге шалғай елді мекендерге поштаны дрон арқылы тасымалдау тиімдірек. Сондықтан қызметтің осы түрі кеңейтіледі», - деді «Қазпошта» өкілі.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2020 г. 450 0