Әліпбидің жаңа нұсқасы талқыланды

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиі әлі де талқылануда. Өткен айда республикалық ашық талқылау отырысында әліпбидің 3 нұсқасы ұсынылған болатын. Осы талқылаудың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобының ғалымдары мен мамандар тарапынан умлаутты нұсқа қолдау тауып, кейбір таңбаларға қатысты ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімдігінде ұсы­ныстарды сараптау үшін республикалық ашық тал­қылау отырысының екін­ші кезеңі өтті. Шараға жо­ғары және арнаулы орта оқу орындарының фило­лог ғалымдары мен оқыту­шылары, мектеп мұғалімдері қатысты. Жиында облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева талқылау жұмыстары барлық өңірде өткізілетінін жеткізді.
І Орфографиялық, Әдіс­темелік, Терминологиялық және ІТ сүйемелдеу жұ­мыс тобының бірлескен оты­рысында мақұлданған әліп­биде 31 әріп бар. Оның төртеуі умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таң­басы арқылы берілген. Сон­дай-ақ, жаңа нұсқада кирил әліпбиінде бар ц, ч сынды әріптер жоқ.
Талқылау барысында тіл мамандары жаңа нұсқада келіспейтін тұстарын ашық айтып, ұсыныстарын да білдірді.
– Біз қай тілдің әліп­биін жасап жатырмыз деген мәсе­ленің басы ашылуы керек. Егер қазақ тілінің әліпбиі болса, онда ешкімге жалтақтамай, тек қазақ тілі дыбыстарын белгілейтін әліпби жасауымыз қажет. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бір тілден екінші тілге сөз ауысқанымен, дыбыс ауыспайтынын көреміз. Бір тіл екінші тілдің сөзін өз дыбысымен жазады, – деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған про­фессоры Аман Абасилов.
Сонымен қатар, «У» дыбысы «W» таңбасымен, «Й» дыбысы «Ү» таңбасымен берілуі керек деген ұсыныс­тарын ортаға салды.
Жиында тіл мамандары С әріпін әліпбиге енгізу, Ww, Хх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек пе, Ң әрпін қай таңбамен берген дұрыс деген сауалдар бойынша пікір алмасты.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2020 г. 370 0