37 мың көрме билеті сатылды

100

0

37 мың көрме билеті сатылдыХалықаралық EXPO-2017 көрмесінің басталуына санаулы күн қалды. Осыған дейін оған 37 мың қызылордалық билет сатып алған. 
Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов көрме кезінде Қызылорда-Көкшетау пойызына қосымша 36 вагон жалғанатынын айтты. «Астана-Байқоңыр-Астана» және «Алматы-Байқоңыр-Алматы» бағытында жүйелі түрде қатынайтын әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. 
– Қонақтар «қайда орналасам?» деп алаңдамаса болады. Бүгінгі күні Астанадан 48 пәтер бөлінді. Орташа ақысы – 8 мың теңге шамасында. Астанадағы қонақүйлермен де келісім жасалды, – деді А.Досжанов. 
Сыр өңіріндегі екі нысан – Қармақшыдағы «Қорқыт ата» зиярат ету кешені мен Байқоңырдағы ғарыш айлағы көрме нысаны ретінде таңдалды. Туроператорлардың мәліметінше, жұлдызды қалашыққа Англия, Германия мен Қытайдан қонақтар келетін көрінеді. Зиярат ету кешеніне этноауыл құрылып, жергілікті қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады. Одан бөлек, спорттық-мәдени шаралар өтеді. Байқоңырды көруге ниетті шетелдік туристердің өтінімін қарау мерзімі 45 күннен 10 күнге қысқарды. 
Ел ордасын көрме уақытында біздің облыс 7 608 тонна өніммен қамтуы тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақановтың айтуынша, осыған дейін күріш пен балықтың алғашқы партиясы жіберілді. Астаналықтар Жаңақорғанның қауын-қарбызынан 27 шілдеден кейін дәм тата алады. Сырбойылықтардың сәлемдемесі Алай базарында сақталып, сатылады. 
– 3-4 маусымда Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен бірлесіп жәрмеңке өткіземіз. Мұндай жәрмеңкелер 15-16 шілдеде, 5-6 тамызда, 16-17 қыркүйекте де ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы. 
10-14 тамыз аралығында қызылордалық өнерпаздар Арқа төсін әнмен әуелетіп, күймен күмбірлетпек. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова аймақтың өнер және мәдениет күндерін Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымының Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклімен ашатынын жеткізді. Басқа да қойылымдар сахналанып, жергілікті өнер ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынады. 10-20 тамыз күндері «Қазанат» ипподромының аумағында этноауыл құрылып, қолөнершілер туындыларын көрмеге қойып, шеберлік сабақтарын өткізеді. 
Брифингте «EXPO-2017» ресурстық орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов облыс тарапынан халықаралық көрмеде 6 жоба таныстырылатынын, маңызды шараға қызылордалықтардың қызығушылығы жоғары екенін айтты. 
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз