4 мәселе және оның шешілу жолдары

80

0

4 мәселе және оның шешілу жолдары Бұл жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының
директоры Руслан Досмаханов облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен
өткен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте
айтты.

Руслан Досмаханов агроөнеркәсіптік кешеннің аймақ экономикасында
алар орны ерекше екендігін жеткізе отырып, аталмыш саланы дамыту мақсатында
Кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірге «Қызылорда облысының агроөнеркәсіп
кешенін дамыту – 2020 Жол Картасын» әзірлеп, қабылдағандығын, Жол картасы
аясында 150 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғандығын
жеткізді.
Мәжілісте Руслан Досмаханов ауылдық елді мекенде
кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі шешуді қажет ететін бірнеше мәселені айта
отырып, шешу жолдарын да ұсынды.  
Пала директорының айтуынша, біріншіден, аймақта күріштен
өзге салалық және инженерлік инфрақұрылым дамымаған.
Мәселен, егер мал бордақылау алаңына қатысты жобаны
жүзеге асыру қажет болса ең алдымен жемшөп базасын құрып, ветеринарлық
қызметпен және кадрмен қамту керек. Бүгінде кәсіпкерлер бұл жұмыстардың
барлығын өздері жүзеге асыруда.
Екінші мәселе, ауыл
шаруашылығы тауарөндірушілерінің шашыраңқы орналасуы және кәсіпорындардың ұсақ
тауар өндіруі.
Бұл ретте, тауарларды әзірлейтін және өңдейтін
инфрақұрылымның болмауы өңдеу саласының дамуына кедергі келтіріп отырған бірден
бір мәселе.
Үшіншіден, жергілікті
кәсіпкерлердің аграрлық салаға
қатысты инновациялық технологияларды енгізуге қатысты тәжірибесінің
жеткіліксіздігі. Бұған, аймақтағы егістік алаңының тек 0,08 пайызында ғана тамшылатып
суғару тәсілі қолданылып отырғандығын мысал қылып келтіруге болады.
Төртіншіден, мемлекет
тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған шаралардың болғандығына
қарамастан, бұл бағдарламалардың аудандарда жүзеге асырылу барысы көңіл көншітерліктей
жағдайда емес, яғни шағын кәсіп иелері бұл құралдарды қалай қолдану
қажеттілігін жеткілікті деңгейде білмейді.
Осы орайда, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры
аталмыш мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Ол, біріншіден, салалық
және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты Кәсіпкерлер палатасы облыстық
кәсіпкерлік және туризм, индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы
басқармалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен, аудан
әкімдіктерімен бірге Кәсіпкерлікті және туризмді дамытудың Жол картасы аясында
әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде өндірістік қуаттарды орналастыру картасын
әзірлеуді көздеуде. Аталмыш шара, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты
маркетингтік зерттеу жүргізудің алғышартына айналары сөзсіз.
Екіншіден, тауарларды
әзірлейтін және өңдейтін инфрақұрылымның болмауына қатысты Палата жергілікті
ірі компаниялармен Қызылорда қаласында сауда-логистикалық орталық құру
мәселесін қарастыруда. Жалпы сауда-логистикалық орталық құру тұжырымдамасы
облыстың барлық аудандарында егін және мал шаруашылығы бойынша ең кемі екі  дайындау бекеттерін ұйымдастыруды көздейді.
Мұнан өзге, Байқоңыр қаласы тұрғындарын азық-түлікпен
қамтамасыз ету мақсатында Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірге көтерме-бөлшек ауыл
шаруашылығы базарын құру мәселесін шешу қажет. Бұл ретте Кәсіпкерлер палатасы
облыстың барлық аудандарында жергілікті фермерлерге тауарларын сақтауға және
сатуға жеңілдікпен орындар беру арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу
тізбегін қалыптастыруды ұсынуда. Бұл шара жергілікті тауарөндірушілердің
тауарларының өтімділігіне кепіл болып, сондай-ақ тұрғындарды арзан өнімдермен
қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.  
Үшіншіден, жергілікті
кәсіпкерлердің тәжірибе алуына жағдай жасау үшін ауыл шаруашылығы саласында ірі
экспорттаушы елдерге жұмыс сапарын ұйымдастыруды ұсынды.
Төртіншіден, ауылдық
елді мекендердегі кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін барынша
қолдануына жағдай жасау мақсатында барлық аудандарда Кәсіпкерлікті қолдау
орталықтары ашылды. Мұнан өзге, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы
аясында тірек ауылдарда онлайн-кеңес беру пункттерін құру жұмыстары да
жүргізілуде. Бүгінде аталмыш пункттер 4 ауданның 8 ауылында ашылды. Сондай-ақ,
ісін жаңа бастаушы ауыл кәсіпкерлеріне әдістемелік құралдар, типтік үлгідегі
бизнес-жоспарлар әзірленіп, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы
ауылдық елді мекендердің жобаларын сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
 Мәжіліс барысында, Кәсіпкерлер палатасымен ұсынылған
ұсыныстардың барлығы аймақ басшысы тарапынан қолдауға ие болып,  аталмыш ұсыныстар Палата мен облыстық
әкімдіктің әзірлеп жатқан Кәсіпкерлік пен туризмді дамытудың Жол картасының
жобасына енгізілетін болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз