5 айда алаяқтық қылмыстар 24%-ға төмендеген

48

0

5 айда алаяқтық қылмыстар 24%-ға төмендеген Қылмыстың бір түрі – алаяқтық екені белгілі. Осы санаттағы қылмыстардың тіркелуі 2016 жылдың 5 айында 432-ні құраса, 2017 жылдың 5 айында 328-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24,1 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр.  
Жүргізіліп жатырған профилактикалық шараларға қарамастан, аталған қылмыс түрінің тіркелуі тоқталар емес.
Аталған қылмыстардың орын алуына – жәбірленушілердің шектен тыс аңғалдығы, құқықтық сауаттылығының төмендігі, өз жұмыстарын оңай жолмен шешуге тырысуы, материалдық жағдайын  заңсыз  жолдар арқылы түзеуге тырысуы ықпал етеді.
Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, алаяқтық қылмыстарды жасаушылардың көпшілігі әйел адамдар екен. Әккілердің құрығына түсетіндердің қатарын да нәзік жандылар құрайды.
Сөзіміздің айғағы ретінде бір дерекке мысал келтіре кетсек. 2017 жылдың маусым айында ішкі істер органдарына Қызылорда қаласының 2 тұрғыны шағымданған. Тексеру жұмыстары барысында, өткен жылдың қазан айында   1980 жылы туылған азаматша «жұмысқа тұрғызып беремін» деген желеумен бірінің 250 000 теңге, енді бірінің 150 000 теңге көлеміндегі ақшасын алып, қайтармағаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Осы тектес дерек 2017 жылдың 06 маусымында тіркелген. 1971 жылы туылған азаматша «несие алып беремін» деп сеніміне кіріп, қала тұрғынының 150 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен алған. Алайда, уәдесінде тұрмай, ақшасын заңсыз иемденген. Бұл дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Дәл осы күні, яғни 2017 жылдың 06 маусымында ішкі істер органдарына Жаңақорған ауданының 25 жасар тұрғыны шағымданған. Жәбірленуші арызында И.Б. есімді азаматша «кезектен тыс мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін» деп сендіргені көрсетілген. Өз қызметін ол 140 мың теңгеге бағалаған. Алайда ақшасын алып, уәдесін орындамаған. Ақшаны заңсыз иемденді деген күдікпен 43 жастағы аудан тұрғыны ұсталды.  Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Сөз соңында, облыс тұрғындарынан жер телімдерін сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен кеңесіп, сақтық шараларына аса көңіл бөлулерін және осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда уақытты босқа шығындамай ішкі істер органдарына арыздануларын сұраймыз.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз