Ирина Тен: «Қазақ халқының салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған құтты аймақ — Арал өңірінде өскенімді мақтан тұтамын»

«Кәріске ұқсайтын қазақ қызы»
 
Ирина Тен: «Қазақ халқының салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған құтты аймақ — Арал өңірінде өскенімді мақтан тұтамын»Қазақстандықтарды таңмен таласып оятатын «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің біразын елге танытқаны баршаға мәлім. Солардың бірі – Ирина Тен. Кәріс қызы Иринаның «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бала кезінен тележүргізуші болуды армандаған Ирина әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Өзінің телевизиядағы еңбек жолын студенттік күнінен-ақ бастап кеткен. Ол үшін «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы барша қазақстандықтарды ояту – үлкен мәртебе. Иринаның журналистикадағы ең үлкен жетістігі де – «Таңшолпан». Өйткені оны халыққа танытқан осы бағдарлама.

Қызылорда облысының Арал өңірінде дүниеге келген Ирина қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде туып-өскенін мақтан тұтады. Бүгінде тележүргізуші ретінде жалпақ жұртқа танылған биязы қыз балалық шағын Арал топырағында қазақтың қарадомалақтарымен бірге өткізген. Қазақ тілін жетік меңгеруіне жанындағы достары мен ұстаздары ықпал еткен көрінеді. Әйтсе де, Ирина әлі де «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» дейді. Үнемі сөздік қорын байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысатындығын айтады. Арал топырағында өскен кәріс қызы өз халқының мәдениетімен қатар қазақ жерін де қадір тұтады. Отбасында орысша сөйлеген Ирина ауладағы достарымен тек қазақ тілінде тілдесіпті. Ата-анасы Иринаны орыс мектебіне беруді жөн санап, Арал қаласындағы №14 орыс орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

– Қазақ тілін білетіндігіңіз сізге қаншалықты көмектесті?

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.

Көрерменнің көзайымына айналып үлгерген Ирина әрбір қазақты бауырындай көреді екен. Қазақ пен кәріс ұлтының арасында белгілі бір ұқсастықтар бар екендігін де жасырмайды. Тіпті, кәріс ұлтының салт-дәстүрлері де қазақ халқына жақын. Иринаны кәріске ұқсайтын қазақ қызы деп ойлайтындар да аз емес. Үлбіреген арудың қазақша сөйлегенін көргендердің іштей риза болып қалатыны рас. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін Ирина халқымыздың ұлттық тағамдарын да әзірлей алады. Өз халқының мәдениетімен қатар қазақ халқының барлық әдет-ғұрпын санасына сіңірген кәріс қызы өзінің Қазақстан топырағында туып-өскенін мақтан тұтады.

Жұртшылыққа тележүргізуші ретінде танылған Ирина өнерге жақын жан. Ән айтып, би билеуден жалықпайтын талдырмаш ару қыздар арасындағы сұлулық байқауларында да өзінің бағын сынап көрген екен. Иринаның қазақтың ұлттық билерін мың бұрала билейтіндігін де көпшілік біле бермейді. Сондай-ақ, қолы қалт ете қалса, кітап оқығанды жақсы көреді. Әрине, Ирина қазақ әдебиетін де сүйіп оқиды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 сәуір 2015 г. 4 238 0