80 тұрғын үй салынған жыл

54

0

80 тұрғын үй салынған жылСоңғы жылдары құрылыс саласы бойынша  қарқынды жұмыстар жүргізіліп, Қызылорда қаласы алып құрылыс алаңына айналды. Өңірде бой көтерген жаңа нысандар аймақ ажарын айқындай түсті.
Мәселен, өткен жылдың өзінде облыста 543,7 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға артық. Мемлекет қаржысы есебінен 36 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 1864 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сондай-ақ, былтыр 4115 пәтерлік 80 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланып, 2015 жылмен салыстырғанда тұрғын үй салу жұмыстары 2 есеге артты. Былтырғы жылдың басында мемлекет қаржысына салынған тұрғын үйлер көлемі 3,5 есеге өссе, қала бойынша тұрғын үй құрылысы 8 есеге жоғарылады.   
Осының нәтижесінде облыс тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселелері оң шешімін табуда. Тұрғын үйлер салуда көш бастап тұрған Қызылорда облысында соңғы 3 жылда 11 шағын аудан бой көтерді. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражаттың арқасында аймақтағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі де өз шешімін табуда. Мәселен, өткен жылы апатты жағдайдағы үйлерде тұратын 324 отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Аталған санаттағы үйлердің 60 пайыздан астамының мәселесі өз шешімін тапса, биыл да осы бағыттағы жұмыстар қаражатқа байланысты жалғасады.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту керектігі айтылды. Сонымен бірге онда алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету керектігі көзделген.
Бұған қоса, облыста 15 мыңға жуық жер теліміне 1,5 мың шақырымға таяу инженерлік жүйелер тартылды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту бойынша ауқымды жұмыстар ұзақ жылдан кейін алғаш рет аудандарда да жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына  өз ықпалын тигізеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап, Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Оның аясында осы жылы облыста «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі салымшыларына арналған 1180 пәтерлік 23 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланады. Мұнан бөлек, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тұрғындар үшін сатып алу құқығынсыз 140 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Осылайша облыс жылдағы дәстүр бойынша биыл да алып құрылыс алаңына айналады.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз