Ағасы қарындасына өз бүйрегін беріп, оны аман алып қалды

59

0

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Шертай Тұрсанов туған қарындасы Ләззатқа бір бүйрегін беріп, өміріне араша түсті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Бес баланың әкесі, 49 жастағы Шертай Тұрсанов дерт азабын тартқан қарындасына екінші өмір сыйлағысы келген.

«Көз алдымызда өскен қарындасымның он жылдай болды бүйрегі ауыратын. Соңғы бір-екі жылда асқынып кетті. Оның қиналғанын көргім келмеді. Шыдай алмай донор болайын деп шештім. Ота биыл көктемде жасалды, сәтті өтті. Наркоздан оянғаннан кейін, бірінші қарындасымның хәлін сұрадым. Жақсы екенін білгесін өз жағдайымды сұрадым. Бір жылдай ауыр көтермеу керек, күтіну керек. Қазір менің де, қарындасымның да денсаулығы жақсы. Соған шүкіршілік етемін», – дейді ол.

Бала би ауылының тұрғыны Ләззат Тұрсанова болса, бүйрегін ауыстырып, үзілуге шақ қалған үміті қайта жанды.

«Менде екі бүйрек те жоқ. Бір жарым жылдай диалезбен жүрдім. Тіпті, іштей өмірмен қоштаса бастадым, сары уайым қажытып жіберді. Аптасына 3 рет қан тазартамын. Үш қызым мен күйеуім, туыстарым дұға тілеп, демеу болды. Біз 12 ағайындымыз, бауыры үшін жан қиюға дайын ғой. Олардың ішінен Шертайдың қан тобы, бүйрегі сәйкес келетін болып шықты. Астанадағы республикалық ұлттық ғылыми медициналық орталықта күрделі бүйрек ауыстыру отасы 16 наурызда жасалды. Дәрігер Ахмет Сейдахметовке рахмет айтамын. Бүгінде қаншама науқас адам бүйрек ауыстыру үшін кезегін күтіп жүр, бүйрек таппай сенделуде. Соларды көзіммен көргесін, тәубе деймін», – дейді ол.

Негізі мұндай отадан кейін науқастар ұзақ уақыт бойы оңалады екен. Ал Ләззат болса, сәт сайын жеңілдей бастаған. Себебі, ағасы екеуінің бүйрегі 100 пайыз сәйкес келіп, соның әсерінен Ләззат тез оңалған.

«Қазір дәрігерлердің бақылауындамын. Биыл сәуірде 43 жасқа толып, туған күнімді Астанада ағам сыйлаған жаңа бүйрекпен, жаңа үмітпен, жаңа шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алдым. Қазір ауылдамын, отбасымның жанында, бұдан артық қандай бақыт бар, айтыңызшы?!», – дейді Ләззат Тұрсанова.

Ибраш ӘЛИ


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз