“АДАМ БОЛЫП ӨТЕЙІН”

45

0

Сөз зергері,
көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған шаралар
аясында Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда «Адам болып өтейін» спектаклі
қойылды. Көрермендер қатарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сыр еліне табан тіреген құрметті қонақтар болды.
Жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Найман ана» туындысы мен Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінің
желісімен жазылған Сартай Жүсіптің пьесасын театр артистері шебер ойнап шықты. Жүрек
тебіренді, көңіл-күйге керемет әсер етті.

Қойылымда
адамзат баласының қолымен жасайтын жауыздығы әкелген қайғы-қасірет бейнеленеді.
Сондай-ақ, жауыздық пен қатыгездік түптің түбінде иесін табатыны үлкен қақтығыс,
бітіспес әрекет арқылы ашылады. Спектакль мазмұнына қысқаша тоқталсақ, оқиға бас­ты
кейіпкер Күнбала ананың жорықта жоғалып кеткен баласына іздеу салуымен басталады.
Түркілердің батыры Дүйімқара Дөненбай батырдың баласы Жоламанды іздеп, жунжун еліне
келеді де, ер азаматы жоқ ауылға қырғидай тиіп, шарасыз әйелдерге зорлық көрсетеді.
Дүйімқараның бұл нәтижесіз әрекетінен соң Күнбала ана жалғыз ұлын өзі іздеуге шығады.
Саудагердің айтуымен ұлының хабарын білген ол түйе бағып жүрген баласын табады.
Өкініштісі, Жоламан бұл кезде адамдық қасиеттен арылып, мәңгүрттеніп кеткен болатын.
Ақыл-есін жоғалтқан ол туған анасын танымайды, оны жау санап, садақ кезенеді. Шиеленіскен
оқиғаның ақырында Жоламан жаумен бірге келіп, Дүйімқара батырды, сүйіктісі Айкүмісті
де оққа байлайды. Бұған шыдамаған ана өз баласын өзі өлімге қиюға мәжбүр болады.
Спектакль соңында Жоламан мен анасы о дүниеде бір-бірімен тілдесіп, бір-бірін жаңа
тапқаны көрініс береді. Сол сәтте Жоламан анасына «Мен енді мәңгүрт емеспін, адам
болып өтейін» деп жанайқайын жеткізеді.

«Адам болып өтейін» қойылымы – ананың балаға деген
махаббатын айшықтаған сом дүние. Күнбала ананың ерлігі әрбір анаға үлгі боларлықтай
әрекет. Өз баласына деген аналық сезімінің арқасында қайтпас қайсар батырға да,
ержүрек жауынгерге де айнала білді. Өшпес сезімі оны баласына жолықтырды. Адам боп
өмірге келген баласының адам болып өлгенін қалады. Міне, ананың махаббаты.

Айта кетейік,
заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев кезінде спектакльдің Ақтау театрындағы қойылымын тамашалап,
авторға оң бағасын берген еді.

Қойылым
соңында қоюшы режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір жазушы Әбіш
Кекілбаев туралы естеліктерімен бөлісті. Оның адамгершілік қасиетінің, парасат-пайымының,
әдеби мол мұрасының, өнегелі өмірінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны өміршеңдігіне
тоқталды. Сондай-ақ, қойылымды тамашалаған Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабаева
театр ұжымына алғысын білдірді.

Нағымжан
САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз