Қалалықтардың қаражатын қымқырған алаяқ

53

0

Қалалықтардың қаражатын қымқырған алаяқҚызылорда қаласының тұрғыны азаматша Әлиакбарова Гүлмира өзінің Жер комитетінде жұмыс істейтінін және жеке нотариалдық кеңсесі бар екенін жалған айтып, қала тұрғыны азаматша Ж.Г-мен танысып, оның сеніміне кіреді.

Сөйтіп, оған СПМК-70 маңында арзан жердің  құжатын бір айда туралап беремін деп азаматша Ж.Г-дан 900 мың теңге және оның әпкесінен 950 мың теңгені алып, өз пайдасына жаратқан. Бұл туралы ҚІІБ баспасөз қызметі хабарлады.

Дәл осындай тәсілмен азаматша Әлиакбарованың Қызылорда қаласының тағы үш азаматшасын алдап, олардан ірі мөлшерде әр түрлі сомада ақша алып өз пайдасына жаратқаны анықталды.

2009 жылы алаяқтық қылмыс жасағаны үшін 5 жылға сотты болған Әлиакбароваға ҚР ҚК-нің 72-бабының 1-бөлігі қолданылып, ол баласы он төрт жасқа толғанға дейін 5 жыл мерзімге жазасын өтеуден босатылған еді. Жазасын өтеуін кейінге қалдыру мерзімі ішінде оның мінез-құлқын бақылау Қызылорда қалалық қылмыстық атқару инспекциясына жүктелген.

Бүгінгі таңда сезікті азаматша Г.Әлиакбарова құрықталды, тергеу амалдары жүргізілуде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, алаяқтық қылмыстар аймақта өткен 2013 жылдың 11 айымен салыстырғанда 2014 жылы 8,9 пайызға төмендеген, яғни 2013 жылдың 11 айында Қызылорда қаласы бойынша 885 қылмысы тіркелсе, 2014 жылдың 11 айында 806 қылмысты құраған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз